Бүгін Түркістан облысының орталығы — Түркістан қаласында білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі өтті. Жиынға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, ұстаздар, білім саласының ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары және өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қатысты.
Жиында Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биыл өңірдің білім беру саласына 262 млрд. 24 млн. теңге қаралып, қаржы көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 6 млрд. 15 млн. теңгеге ұлғайған. Биыл облыс бойынша бірінші сыныпқа 55385 оқушы келеді. Яғни, мектепке келетін оқушы саны 19 мыңға артқан. Демографиялық өсімге байланысты 2018-2025 жылдары аралығында өңірде 184 мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Биыл білім беру саласына қажетті 83 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның 40-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 9 апатты, 5 үш ауысымды, 13 ыңғайластырылған және орын тапшылығы байқалған 10 мектептің мәселесі шешіледі. Сондай-ақ 3 колледждің де ғимараты жаңарады. Мектептерді оқулықпен қамту, қысқы маусымға әзірлеу жұмыстары да ойдағыдай. Биыл ҰБТ-ға өңірдегі 25504 түлектің 16181- қатысып, олардың орташа балы 79,6-ны құраған.
Ұстаздардың ой-пікірлерін тыңдаған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев білім саласы Елбасының басты назарында тұрғанын атап өтті. Кеңес соңында облыс әкімі білім саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан бір топ мұғалімдерді арнайы марапаттады.