Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарымен және іскер азаматтармен кездесіп, облыс орталығы – Түркістан қаласын дамытуға жасалған жобалардың барысымен таныстырды. Өңір басшысы Елбасының Түркістанды түлетуге аса назар аударып, оған республикалық бюджеттен бөлек, еліміздің өзге өңірлерін, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдерін атсалысуға шақырғанын атап өтті.
Аталған жиында облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев:
– Мемлекет басшысы Тәуелсіздік алғалы бері сіздерге, кәсіпкерлерге жәрдем беріп келді. Біз әруақытта мемлекеттен сұрап үйреніп қалғанбыз. 26 жыл болды, сұрап келеміз. Енді біздің беретін кезіміз келді. Елге, халыққа, мына жаңадан құрылып жатқан облысқа. Қазір бюджетте ақша тапшы болып жатқан кезде, ақша сұрай бермей, керісінше, жәрдем берейік. Біздің жиналып отырған басты себеп те сол, - деп кездесу не себепті ұйымдастырылғанын түсіндіре кетті. Және ең бастысы Балабиев құрғақ сөзбен шектелмеді:
– Менің ұлым Нұрсұлтан осында фитнес орталығын салайын деп жатыр. Және біздің аудан-қалалардағы депутаттардан «мектеп саламыз, балабақша саламыз» деген ұсыныстар түсті. Сол секілді, бизнесмендер, біз сіздерден нақты шешімдер күтеміз, - деп сөзін қорытындылады. Осы тұста Жансейіт Түймебаев кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан зор қолдау келе жатқанын алға тартты:
– Бір ғана облыста Елбасы тапсырмасымен бекітілген субсидия кредиттерін, санын ауылшаруашылығы бойынша, кәсіпкерлік бойынша кімнің не алғанын жариялау дұрыс қой деп ойлаймын. Кім не алғанын өздері жақсы біледі. Енді соны қайтаратын кез келді, - деп кәсіпкерлерді Түркістанды түлетуге шақырды. Өз кезегінде кәсіпкерлер туған жерді түлетуге барынша күш салатындарын айтты.