Республикалық бюджетке қарап отырмай, өз бетінше әрекет жасап, инвестор тарту – әрбір әкімнің міндеті. Инвестор тарта білу – әкімнің іскерлігін көрсетеді.
Күні кеше Түркістан қаласына Түркияның «Dal Holding Investment CO» компаниясының Қазақстан Республикасы бойынша бірінші басшысы Демирджан Кусе келді. Облыс әкімінің баспасөз қызметіне келтірген мәліметке сүйенсе, инвесторларды қабылдаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев компания басшыларының Түркістанды дамыту бағытындағы ұсыныстарына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
- Түркістан қаласының қазақ халқы үшін, бүкіл Түркі әлемі үшін аса маңызды қала екенін білесіздер. Елбасымыздың Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Сіздердің компанияларыңыздың жетістіктерінен хабардармын. Бірнеше бағытта әріптестік орнатып, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар, — деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Демирджан Кусе қазірдің өзінде нақты жобамен келгенін, облыспен танысу барысында өзге де жобаларды қаржыландыруға әзір екенін мәлімдеді. Атап айтсақ, «Dal Holding Investment CO» компаниясы жақында Кентау қаласында 200 гектар аумаққа заман талабына сай жылыжай кешенін салуды бастамақ. Құны 500 млн. АҚШ доллары болатын жоба арқылы 3000 жұмыс орны ашылмақ. Бұл жылыжай «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне 25 шақырым жердегі индустриалды аймақта орналасады.