Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге керек. Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Бұған дейін осылай болған, бұдан кейін де солай болуға тиіс» деген болатын. Елбасы бұл жерде Қазақстан халықтарын бірлікке шақырып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұру керектігін ескертті.
Осыған орай, Түркістан облысының орталығында «Түркістан - түркі халықтарының рухани орталығы» атты мерекелік шарасы өтті. Айтулы жиынға Парламент депутаттары, Өзбекстан Республикасынан арнайы делегация өкілдері, облыс әкімі мен облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен журналистер, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, өңірдегі этностардың тілі мен мәдениетінің сақталуына мүмкіндік жасауға бағытталған мерекелік шара қонақтардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуімен басталып, өзбек этномәдени бірлестігінің қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдары және ақын-жазушылардың таңдаулы туындыларының көрмесін тамашалаумен жалғасты.
Мерекелік шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев:
- Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 16 пайызын өзбек этносының өкілдері құрайды. Облыс аумағында 14 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 130-дан астам мектепте өзбек тіліндегі оқу сыныптары бар. Одан бөлек, облыстық өзбек драма театры мен бірқатар басылымдар жұмыс атқарады. Бұл тұрғыда еліміз Конституциямызда көрсетілген міндеттерді толыққанды жүзеге асырып келеді, - деп бірліктің қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау керектігін айтты.
Жиында ел бірлігін нығайтуға қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығының «Қоғам Белсендісі» төсбелгісімен марапаттады.