Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына жасаған сапары кезінде Мақтаарал ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының даму барысымен танысты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірде ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөлініп, өнімділік жоғарылап келе жатқанын жеткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ең алдымен министр Достық ауылдық округі, Гүлістан ауылындағы «Дармон» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық басшысы Даврон Туйматов биыл 46,38 гектар жерге егін еккен. Оның 5 гектары дәндік жүгері болса, қалған 41,38 гектары мақталық алқап. 15 адамды жұмыспен қамтып отырған «Даврон» шаруа қожалығының техникалық жағдайы да жақсы. Атап айтқанда, 2 дана Алтай (Т-4), 2 дана МТЗ, 1 дана мақта теру комбайны, 3 дана тіркемесі бар.
Мұнан соң министр Ө.Шөкеев Қазақстан - Өзбекстан Республикаларының шекарасында орналасқан «Достық» каналындағы №73-ші су реттегіш көлденең тоспасының жағдайымен және ауданда жүзеге асқалы тұрған ПУИД-2 бағдарламасының барысымен танысты.
Мақтаарал ауданында 40 мыңға жуық гектар жер ПУИД-2 бағдарламасына енген. Жобаның бірінші этапы бойынша Еңбекші және Жаңажол ауылдық округіне қарасты 8 мың гектар жерде тік дренажды ұңғымаларды салу, коллекторлық жүйелер мен каналдарды реттеу жұмыстары басталғалы тұр. Ол үшін мердігер анықталып, дайындық жұмыстары жасалған. Сондай-ақ, жобаның екінші кезеңі Иіржар мен Жамбыл ауылдық округтерінің 16 мың гектарын қамтыса, үшінші кезеңі бойынша Атакент кенті, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауылдық округтерінің 15 мың гектардан астам егістік алқабы жер асты суларынан арылып, тұзданудан сақталмақшы.