Жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаев «Нұр Отан» партиясы Сарыағаш аудандық филиалында тұрғындар арасында жеке қабылдау өткізді. Жалпы, аталған департамент зор қарқынмен жұмыс істеп келеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуда бұл департаменттің атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Қазір коррупциямен күрес қатты күшейіп келеді. Оған дәлел, республиканың түкпір-түкпірінен сыбайлас жемқорлық фактісімен ұсталып жатқандар. Міне, осындай масқара жайтты болдырмас үшін өңірде жемқорлықтың өте ауыр, өте ұят қылмыс екенін ұғындырған абзал. Осы мақсатта департамент Түркістан облысының барша аудандарын аралап, түрлі жиындар, марафондар, жеке қабылдаулар өткізіп, барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен, бүгін жеке қабылдауға Сарыағаш ауданының алдын-ала жазылған тұрғындары департамент басшысына көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Сұрақтардың көпшілігі факторлы-балдық шкаланың жүзеге асуы бойынша, тәртіптік жазалар қолдану қағидалары ауданның бөлінуіне байланысты білім бөлімі әдіскерлерінің қысқарту мәселесі және мемлекеттік қызмет саласына мәселелерге қатысты болды. Ғ.Тұрсынбаев жеке қабылдауға келген азаматтардың сұрақтарына тиісті жауаптар беріп, Департаменттің қызмет бағыттары бойынша кеңес беруде үнемі дайын екенін жеткізді. Және сыбайлас жемқорлық фактісіне куә болса, дереу хабарласуларын өтінді. Осылай істегенде ғана аталған қылмысқа тұсау салатындарын түсіндірді.
Сондай-ақ, қабылдауға келген азаматтарға «Қоғамдық бақылау картасы» әзірленгенін, карта танымал әлеуметтік желілер (Facebook, VK, Instagram және WhatsApp, Telegram +7775-8692121) арқылы ұсыныс, пікірлермен бөлісуге болатынын айтты.