Керағар діни ағымдармен күресте ең бастысы – оны болдырмау. Болдырмау үшін алдын-алу жұмыстарын жүргізу керек. Жақында Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерімен "Жастарды кереғар діни ағымдар ықпалынан сақтандыру" және діни заңнамалар төңірегінде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аталған кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ-нің дінтанушы, теолог маманы Б.Темирханов баяндама жасады. Сонымен қатар, студенттерге ақпараттық кеңістік жылдам дамыған заманда әлеуметтік желі арқылы таралатын түрлі мәліметтерге сеніп дәстүрлі діни бағытты теріске шығарып, өз ұстанымын өзгертіп, қоғам арасына түрлі іріткі салушы діни топтар пайда бола бастағанын және оған қарсы жұмыс жүргізу қажеттігін айтты.
ҚР зайырлы мемлекет екенін яғни мемлекет тарапынан белгілі бір дінге үстемдік берілмейтіні баса айтылды. Бұл ретте, радикалды діни топтардың діни білімі саяз азаматтарға Ислам дінін бұрмалап салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды жоққа шығару арқылы өз қатарларына тартып отырғандығын және ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі Исламның артықшылығын дәйекті дәлелдермен көптеген мысалдар арқылы жеткізді. Бұдан бөлек, елімізде көптеген теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың сот шешімімен жабылғандығы және оған қатысы бар деген күдікпен қаралған азаматтардың заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылатындығын да түсіндіріп өтті. Кездесу соңында әлеуметтік желідегі теріс діни ақпарат көздерінен сақ болу жөнінде қосымша қажетті мағлұматтар беріліп, қойылған сұрақтарға жауап берді.