Қазақ қоғамында ұлт, тіл, дін, ділге қатысты қордаланған мәселелер жөнінде пікір білдіріп, қалам тербеп жүрген ақын Мырзан Кенжебаймен құлдық сана, тілдің шұбарлануы, қазақ тілінің мүшкіл халі жөнінде qamshy.kz порталының тілшісі сұхбаттасқан екен. Өзекті сұхбатты «Қазақ үні» оқырмандарына ұсынуды жөн санадық.
— Сіздің ойыңызша, бүтін бір қазақ ұлтын қорлайтын пікірлердің көбеюіне және өзге ұлт өкілдері оның еш именбестен ашық жариялауының себебі неде?
— Қазаққа тіл тигізіп, қорлық, зорлық көрсеткендердің көбі – орыстар. Үстем ұлт ретінде шовинизм, агрессия әбден санасына, қанына сіңген. Табанының астында езіліп жатқан ұлт күндердің күнінде «тәуелсізбін» деп кеудесін кергені, әрине, оларға ұнамайды. Бірақ біз қатты асқақтап та кеткен жоқпыз. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл өтсе де, орыстың тілінде сөйлейміз, орыс не істесе, соны істеп, орыс не ішсе, соны ішеміз, не жесе, соны жейміз. Біз әлі құлдық санадан арылған жоқпыз. Қазақты кеміту бұрыннан бар нәрсе. Қазақтарды «чурки», «баран» дейтін. Осы әдетінен бірден арыла алмады. Бір халықты жамандауға ешкімнің құқығы жоқ. Десек те «Шовинизм – орыстардың қанына сіңген ұлттық ауруы» деген сөз бар. Қанына сіңіп кеткен ауру болғандықтан бұған бүкіл ұлтты кінәлай алмайсың ғой, бірақ қазақтарға тіл тигізіп, қазақша сөйлегені үшін қол жұмсап, жігіттерін өлтіріп жатқаны біздің немқұрайлығымыздан. Тәуелсіз мемлекет болдық, тілімізді, ұлттық сана сезімімізді ретке келтірейік деген мақсаттарды орындаудың орнына, қысы, жазы той тойлап жүрміз.
Күні кеше Астанаға барып қайттым. Қазақтың қара домалақ балалары түгел орысша сөйлейді.
Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанов былай дейді, «Қазақстанның астанасы кілең әдемі, жаңа, заманауи үйлерден тұруы міндет емес. Қазақстанның астанасы мейлі киіз үйден тұрсын, қалың қазақ тұратын жер болу керек». Голощекин данышпан екен. Оның кезінде Қазақстанның астанасы қазақтар көп тұратын Қызылорда болды. Іс-қағаз, жиналыстар қазақ тілінде жүргізілді. Голощекин келді де Қазақстан астанасын Алматыға көшірді. Астанамыз Алматы болған уақыттан бастап қазақтың тілі шұбарланды. Алматы қалай сөйлесе, баспасөз де солай сөйлей бастады.
Енді астана Астанаға көшірілді. Астанаға оңтүстік тұрғындарын көшіріп, халықты қазақшаландырып жатыр екен-мыс. Бұл керісінше орыстандыру саясаты. Теміртау, Қарағандыға баратын қазақтардың бәрі орыстанып барады. Іс-қағаздары орыс тілінде, теледидарды қосып қалсаң, орыс тілінде сайрап жатады. Оңтүстікте қазақша сөйлеп жүрген қазақтың қара домалақ балалары орыс тілінде сөйлеп жүр. Өйткені орта сондай.
Қазақстанға келген кез келген шетелдік 1, 2 сағаттан кейін Қазақстанда қазақ тілін білудің қажеттілігі жоқ екенін бірден түсінеді. Тілі мұндай халдегі ұлттың атқаратын рөлі де аса маңызды болмайды. Осыны байқағаннан кейін кім көрінген қазақты басынады.
21 ғасырда орыс тілін мақтан тұтатын екі-ақ халық қалды. Бірі – мәдениет, білімі артта қалған, тілі, ғылымы дамымаған чукчалар… Сол чукчаларда орысша сөйлеу әлі күнге дейін сән. Олар орыс тілінде жақсы сөйлеген сайын білімді болып көрінеміз деп ойлайды. Чукчалармен қатар қазақтар да дәл осындай пікірде.
Кеше Астананың 20 жылдығын тойлап жатқанда Ресейдің ракетасы Оралға құлап, жер өртенді. Соған қатысты бір ауыз қарсы сөз айтылмады. Шын тәуелсіз ел болсақ, Ресейге нота жіберуіміз керек едік қой.
Ресейдің кез келген қаласына барып, бір орысты тоқтатып алып «Қазақша сөйле» деп айтып көрші, сол жерде «басыңды кесіп алады».