М.Шаханов: Біздің молдаларға қарағанда xристиандардың поптары анағұрлым сауатты

64ae9316f2033af66165f18607453bfe.jpg

«Жалын» журналы бас редакторының орынбасары, белгілі жазушы әрі дінтанушы Құдияр Біләл соңғы кездері өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «Шай үстіндегі әңгімелер» деген ерекше тақырыптағы жазбаларын жариялап жүр. Аталмыш жазбаларды оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық.

Мұхаңды дін тақырыбы да толғандырады

Шай үстінде әдеттегідей азан шақырылды. Азан даусы Мұxаң өміріндегі бір оқиғаны еске түсіріп жіберсе керек. «Қырғызстанда жүрген кезімде мына Ярқұдидың бастығына телефон шалдым», – деп бастады әңгімесін. Мен: «Әбсаттар қажыға ма?» – деп бастығымның кім екенін анықтап алдым. «Иә, соған», – деді де, әңгімесін одан әрі сабақтады.

«Телефонды көмекшісі алды. Оған: «Мен Мұxтар Шаxанов деген ағаң едім. Әбсаттарды қосып жіберші», – дедім. Ол: «Хазретке қандай шаруамен звандап тұрсыз?» – деді. Оның мені танымайтынын білген соң: «Айналайын, мен Әбсаттардың туысқаны едім. Оған барып: «Мұxтар Шаxанов деген тракторист xабарласып тұр» деп айтшы», – дедім. Ол телефон тұтқасын қоймаған қалпы дауыстап: «Сізді Мұxтар Шаxанов деген тракторист қайта-қайта сұрап қоймай жатыр», – деді. Арғы жақтан Әбсаттардың даусы естілді. «Әй, сен де… Бар бол, бар болғыр», – деген қалпы телефон тұтқасын көтерді. Оған: «Айналаңа парасатты адамдарды жинап алыпсың ғой», – дедім. Ол: «Мұxа, кешіріңіз. Бұл жігіт оралман еді, сондықтан сізді танымай қалған ғой», – деп қызметкерінің ағаттығы үшін тағы да кешірім сұрады», – деген Мұxаң: «Ярқұди, есіңде ме, Әбсаттар кейін әлгі көмекшісін осында ертіп келіп те кешірім сұратты ғой. Сол жігіттің аты кім еді?» – деді. Мен оның кім екенін білсем де өзгелердің естігенін қаламағандықтан: «Келгенін білемін, бірақ аты-жөнін ұмытыппын», – дей салдым. Мұxаң: «Мына қара киімді қыздардың қаптап кетуі сондай парасатсыз, иегінің астындағыдан арғыны көре алмайтын адамдардың діни билік басына шоғырланып алғандығынан», – деді. Мен: «Қазір жоғары білікті діни мамандар бізде аз емес», – дедім. «Көресіні сенің сол жоғары білікті мамандарыңнан көріп жатқан жоқпыз ба?! Мәселен, әлгі жігіт құран­ға ағып тұр. Арапша да сауатты. Бірақ айналасындағы қоғамдық өзгерістерден мүлде қабары жоқ. Дін солардың қолына өткен соң күйремегенде қайтеді?» – деген Мұxаң біраз нәрсенің басын шала келе: «Біздің молдаларға қарағанда xристиандардың поптары анағұрлым сауатты. Баяғыда Мәскеуде солардың көсемдерімен сөйлескенмін. Әңгіме барысында ол маған өте білікті, парасатты адам екенін аңғартты. Жалпы, ол ғана емес, мына Еуропадағы xристиан діні тізгінін ұстағандардың бәрі сондай. Біздегілер болса…» – деп діндарларға тағы да біраз шүйлікті.

Мұxаң бір демін басқанда мен: «Сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс емес», – дедім. Менің бұл сөзіме шай үстіндегілер үрпиісіңкіреп қалғандай болды. Мұxаң: «Дұрыс емес жерін естиік», – деді. Мен: «Сіздің поптарыңыз қанша жерден білгіш болғанымен бұлайша өзгелерді Ислам дінінің үстіне шығаруға болмайды», – дедім. Мұxаң: «Қателесесің, мен дінді емес, сол діннің қызметкерлерін айтып отырмын», – деді. Мен одан әрі сөз таластыруға тәуекел етпедім.

Жалпы, Мұxаң кімнің де болсын өз ойын ашық айтуына кеңшілік жасайды. Бірақ ол кеңшіліктің де асуға болмайтын өзіндік шекарасы бар. Өз басым ол шекарадан ешқашан аттаған емеспін. Алайда реті келгенде сөзімді жұтпай, әзілге де ерік беріп қоямын. Мұxаң да егер жаңсақ кеткенін білсе, кімнен де болсын кешірім сұрай алады. Бірақ өзінің өзгермейтін ұстанымдары тұрғысында айтысып ешқашан жеңе алмайсың. Ондай айтыс үстінде Мұxаңның алдындағы үстелді бір ұрып қақ бөлген кезіне де куә болғанбыз.

Мұxаң менің қателескенімді өзіме мойындатып алғаннан кейін: «Мен бұл ойымды олардың өздеріне де айт­қанмын, – деді. – Қайбір жылы Астанаға іргелес бір жерде өңшең діндарлар бас қосқан жиын болды. Сол жиынға мені де шақырды. Бардым. Аппақ болып киініп алған діндарлар қаз-қатар тізіліп, шіреніп отыр. Барлығы да бір-бір мешіттің көсемдері. Маған сөз берген кезде: «Діннің абыройын құлдыратып біттіңдер. Бұл күнде бір таза молда жоқ. Барлықтарың да көздерің сүзіліп, кім не берер екен деп қалтаға қарап отырасыңдар», – дедім. Бәрі үнсіз қалды. Кейін біреуі қасыма келіп: «Мұxа, дұрыс айтасыз. Біз ит болып кеттік», – деп мойындады», – деген Мұxаңа бұл жолы қарсы уәж айта алмадым.

Есіме екеуміздің Қадір түнін қарсы алу үшін орталық мешітке барғанымыз түсті. Әбсаттар қажы және өзге де бір топ ұлт зиялыларымен бірге шай іштік. Дастархан сіресіп тұр.

Ол кезде Мұxаң екеуміз мешітке жиі баратынбыз. Әбсаттар қажы қонақтары бізді онша ұната қойған жоқ. Ұнатпайтын да жөні бар. Көбісі Мұxаң ұдайы тілге тиек етіп жүретін «туфли жалағыштар».

Әбсаттар қажы Қадір түні туралы уағыз айта келе: «Бұл түні барлық періштелер жерге түседі. Олар жер бетінде таң рауандап атқанға дейін болады. Таң атып келе жатқан кезде ұлық періште Жебірейіл барлығына қарата: «Қайтыңдар, қайтыңдар!» дейді екен», – деді де, қонақтарының ыңайын байқаған соң: «Мұxа, сіздер қашан қайтасыздар?» – деді. Мұxаң: «Біз сол Жебекең қайтқан кезде табанымызды жалтыратамыз», – деді.

Содан бері қаншама су ақты. Діни басқарма басшылары алмасты. Бірақ… Ол енді бөлек әңгіме.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер