Фото: Sputnik Kazakhstan
"Етті ең көп жейтін ұлт" атағына ие болған қазақтар үшін еттен мүлде бас тарту оңайға соқпайтыны рас. Кейбіреулер үшін бұл тіпті мүмкін емес нәрсе. Тек Өмірзақ пен Айнагүл Әбдіқановтар үшін емес. Ерлі-зайыптының вегетариандар қатарына қосылғанына біраз жыл болды. Үш жасар қыздары да ата-анасына тартқан, етті аузына алмайды. Әбдіқановтар осыдан екі жарым жыл бұрын елордадан вегетариандық дәмхана ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған жайы бар. Sputnik Қазақстан тілшісі еттен саналы түрде бас тартқан астаналық жұппен кездесіп, көкейді мазалаған сұрақтарға жауап алып қайтты.
41 жастағы Өмірзақ Әбдіқановтың ет жемегеніне 18 жыл болыпты. 10 жыл бойы Үндістанда тұрып, монах болған. Сол жылдары йогамен айналысып, үнді философиясына тереңірек бойлап, ежелгі қасиетті жазбаларды жан-жақты зерттеп, біраз дүниені көңіліне түйіп қайтқан.
"Үндістанда сиыр қасиетті жануар саналатынын білесіз. Жұрт үнділер малға табынып кеткен деп сөгіп жатады. Ал мен сол елге өзім барып көрдім, олар малға табынбайды, сиырға тек құрмет көрсетеді. Не үшін? Өйткені, сиыр – шынымен құрметке лайық жануар. Ол жыртқыш емес, ешкімге зияны жоқ, жайлауда жайылып, кешке таман желіні сүтке толып келеді. Біз оны сауып, рақаттанып сүті мен айранын ішіп, қаймағы мен ірімшігін жеп, бала-шағамызды асыраймыз. Ал сүт бермей қойса, бірден сойып тастап, жеп аламыз. Бұл қандай мәдениет сонда?", — деп сөзін бастады ет жемейтін қазақ.
"Бала кезде үйдегілердің қой сойып жатқанын көргенде, шыдай алмай, кетіп қалатын едім. Тіпті тауық та сойғым келмейтін. Бір сөзбен айтсақ, жан қиғым келмеді", — дейді астаналық тұрғын.
Оның айтуынша, адам мен хайуанды бір-бірінен өзгешелейтін үш нәрсе бар – мәдениет, құрмет және махаббат. Бұл үшеуі тек адамның өмірінде кездеседі, сондықтан адам секілді өмір сүресің бе, жоқ әлде хайуан секілді тіршілік етесің бе, бұл әркімнің өз таңдауы.
"Алдыңызға жүгіріп келген үш-төрт итке мүжілген сүйекті лақтыра салсаңыз, олар сыпайылық танытып, мәдениетті болып, бір-біріне "сен жей ғой" демейді. Өйткені Алла о баста оларды жыртқыш етіп жаратқан. Ал адамның жаратылысы мүлде бөлек. Жыртқыштар да бірін-бірі жейді ғой деп, біз де сондай болуымыз керек пе?! Құдай адамға сана-сезім, түйсік берді. Бірақ таңдау еркін де өзіне қалдырды", — дейді Өмірзақ Әбдіқанов.