Ербол Садыр қызметті сатып алған ба?

1545726142120440.jpg

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңір тізгінін ұстаған екі жылдың ішінде өзінің командасындағы бес орынбасарының төртеуін жаңартты. Ендігі мәселе-жаңарған кадрлар артқан сенімді ақтау үшін тынбай тер тер төгіп «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген халық даналығы бекер айтылмағанын айқындап беруі қажет. Бес орынбасардың ішінде беске бағалайтын тірлігі болмаса да орынбасарлықтың креслосында кілейленіп қалғандай бес жарым жылдан бері отырғанына қарамастан ауыспаған жалғыз кадр - Ербол Садыр ғана. Неге? Не үшін? Бұл жағын білмедік. Білетініміз ол қай саланың жұмысын үйлестірсе сол салалар кемшіліктер мен келеңсіздіктерден, дау-дамай мен айтыс-тартыстан арылмауынан  жұрт шулап жатса да әйтеуір Ербол Әбілхайырұлы   «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын», өзі «незаменимый», өзі әмбебап, өзі  жолы болғыш шенеунік.

Иә, Ербол Садырды мемлекеттік қызметте жолы болған адам десек артық айтқанымыз емес. 2009 жылға дейін Созақ аудандық әкімдігінде еңбек еткен оның  облыс орталығына ауысып келген бойда айы оңынан туды. Бастапқыда кәсіпкерлік басқармасында бөлім бастығы, кейінірек экономика және бюджетік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, артынша басшысы болу бақыты бұйырды. Ал   2013 жылдың мамырында жұлдызды сәтінің алауы жағылды. Біреудің басынан кешкен ауыртпалығы екінші біреудің жолын ашатын жалған дүние емес пе бұл, сол кезең сол кездегі облыс әкімі Асқар  Мырзахметовтың командасындағы кадрлардың бірқатарын   сыбайлас жемқорлық бойынша айыптаумен  тұтқындауларға, отставкілерге ұласқан дүрбелең шақ еді. Бар-жоғы 4 жылдың ішінде  басқармадағы бөлім басшысы баспалдағынан өсіп-өсіп барып облыс әкімінің орынбасары орынтағына топ ете қалған Ербол  Садырдан басқа кадрды жерді жеті айналсаңыз да таппауыңыз мүмкін.  Ол аз ғана мерзімде Мырзахметовтың ең сенімді серіктерінің біріне айнала алды. Жо-жоқ, ептілігі елді таңқалдырған Ерекең, Ербол Әбілхайырұлы Асқар Исабекұлының ғана емес, одан кейінгі ауысқан облыс әкімдері Бейбіт Атамқұловтың да, Жансейіт Түймебаевтың да тілін тапты (Ербол Садырдың тілтапқыш қасиеті туралы әлі алда әңгіме ететін боламыз). Міне, содан бергі аралықта Ербол Садырдың облыс әкімінің орынбасары болғанына  табаны күректей бес жарым жылдан асыпты. Осы бес жарым жылдың ішінде не болмады дейсіз. Біраз шенеуніктер Шымкентке шұбырып келіп, қайтадан шұбырып Астанаға кетті. Біреулер қызметінен айырылса, біреулердің мансабы өсті. Ал Ербол Садыр, әлі де сол баяғы Ербол Садыр...

Осы жылдар ішінде Ербол Садырдың жетекшілік етпеген саласы қалмаған шығар, сірә. Ә, айтпақшы Ербол Садыр дәмін татпаған саланың бірі жастар ісі екен, бұған да қол жеткізіпті. Бұрындары  бұл сала идеологияға жауапты орынбасардың қарамағында жүретін. «Мұндай мәселемен шұғылдануға менің шамам жете ме?» демеудің ақыры жақында ол жұмысын үйлестіретін салада кезекті мәрте жұртты шулатуға апарып соқты. Таратыңқырап айтсақ,   Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарма отызға жуық сала бойынша Түркістан облысының үздік жастарына байқау жариялаған болатын. Отызға жуық номинацияның ішінде «Жылдың үздік жас жазушысы» деп аталатын арнайы номинация белгіленіпті.  Бұл номинацияның ішіне жазушы ғана емес ақындар да кіретінін естігендер  аң-таң болып редакцияға хабарласты.  «Қой бақпаған қуалап өлтіреді» демекші жастардың мәселесімен айналысатын басқарманың жұмысына жетекшілік ететін, байқаудың шартын бекітіп берген  орынбасардың тым құрыса ақын мен жазушыны айыра алмағаны ма? Өзге номинациялар бойынша да келіспеушіліктер туындағаны тағы бар. Айталық жастық жігерімен жылағанды жұбатуға, сүрінгенді сүйеуге құмар Айка Айтаханованың байқаудағы әділетсіздіктер жайлы әлеуметтік желідегі жазбасы. Айка қыздың ашынған жазбасын оқып отырып басқасы басқа өзінің жеке отбасылық  тағдырында Айтахановтар әулетімен байланысы бар  Ербол Әбілхайырұлы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарманың жұмысын дұрыс үйлестіре алмай «көтере алмас шоқпарды беліне байлап жүр ме?»  деген ойға қалдық.

Кейінгі жылдары облыста жерге қатысты дау-дамайлардың көбейгені рас. Осыдан 2-3 жыл бұрын жерді сатуға қарсы митингілер, наразылықтар күшейді. Шенеуніктер мен алаяқтар ауыз жаласып, жерді бөліске салғанын қайбір жылы Президент Н. Назарбаевтың  өзі де Шымкентке келген сапарында қадап айтты.  Атқамінерлерге заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтаруды айырықша тапсырғаны, тіпті осы бағытта атқарылған жұмыстарды халыққа жеткізуді міндеттегені белгілі. Өкінішке қарай Елбасының қатаң ескертуінен кейін де Ербол Садыр жауапты жер саласында тірлік түзелген жоқ. Керісінше Шымкентте, онымен көршілес Сайрам, Төлеби аудандарында жерге қатысты дау-дамай, айқай-шулар көбейді.

Ербол Садыр күні кешеге дейін жетекшілік еткен әлеуметтік саладан да «өрт» шығып, оның  ақай-шуы бүкіл республикаға тарағаны елдің есінде. Былтыр Түркістандағы жүйке дертімен ауыратындарға арналған мекемеде емделіп жатқан 360-тан астам науқастың 63-інен құрт дерті анықталып,  3-еуі қайтыс болды.  Егер жоғарыдан тиісті деңгейде бақылау жасалғанда мұншалықты сорақылыққа жол берілер ме еді?! Есте қалған тағы бір жәйт, Түркістандағы арнайы мекемеде орын алған «төтенше жағдай» күн тәртібінде тұрған кезде Ербол Садыр облыс әкімдігінде бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шығып, мән-жайды түсіндірген. Сол баспасөз мәслихатында журналистер:

- Егер өз тарапыңыздан жіберілген кемшілік анықталса, отставкіге кетуге әзірсіз бе?-деген сауал қойды.  Е. Әбілхайырұлы кінәсі болса, қызметтен кететінін мәлім еткен еді. Сол келеңсіздік үшін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаевадан бастап бірқатар  жауапты басшылар жауапкершілікке тартылды, қызметтен босатылды.    Ал Ербол Әбілхайырұлы әдеттегідей «суға салса батпады, отқа салса жанбады».

Ербол Садыр жоғарыдағылар ерекше сенім артқан кадр екендігі  облыс әкімдігіне қарасты басқармаларды қайта құрылымдау науқаны кезінде де қатты байқалған. Иә,  қып-қызыл науқаншылдық сол жылдары соның қолымен жүргізілді. Мырзахметовтың тұсында алдымен басқармаларды бір-біріне қосу шарасы жүргізілді. Облыстық мәслихат депутаттары осы мәселені қызу талқылады.  Ербол Садыр депутаттардың алдына шығып, басқармаларды біріктірудің тиімділігін дәлелдеді. «Құрылымдық өзгерістердің бәрі Президент әкімшілігімен, Ұлттық экономика министрлігімен келісілген», деп күшеніп сөйледі. Мұның арғы жағында «қаласаң да, қаламасаң да келісесің» деген сыңай аңғарылды. Қысқасы Ербол Садыр тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап шықты. «Табанының бүрі жоқ» депутаттар соның ыңғайына жығылды.  Мәселе мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойылған кезде бір ғана депутат-Аманолла Раманқұл ғана қалыс қалды. Басқаның бәрі қолдап дауыс берді. Басқармалар ақыры бірігіп кетті.

2015 жылы, яғни арада бір жыл өтпей жатып Асқар Мырзахметов қызмет ауыстырды,  оның орнына Бейбіт Атамқұлов келді. Б.Атамқұлов келген бойда біріккен басқармаларды қайта бөлу мәселесін көтерді. Енді Ербол Садыр басқаша сайрауға көшті. Ол енді депутаттарға басқармаларды бөлудің тиімділігін дәлелдей бастады. Бір қызығы, «кеше біріктірген тиімді деп едіңіз, енді қалайша тиімсіз бола қалды?» деген  сауалды қабырғасынан қоятын бірде бір  батыл депутат болған жоқ. Нәтижесінде біріккен басқармалар қайтадан бөлінді. Бұдан кім ұтты, кімі ұтылды? Ары-бері сапырылыстан қарапайым мемлекеттік қызметкерлер ұтылды. Ал Ербол Садыр сол баяғыша қызметін атқара берді.

«Күн қалай қарай қозғалса, күні бойы солай қарай бет бұратын күнбағыстық қасиет қазір біреулер үшін күнкөрістің қамына айналып бара жатқан сияқты. «Ердің екі сөйлегені өлгені» деуші еді, халықтың назарында жүрген лауазымды шенеуніктер мен мәслихат депутаттары осы қағиданы ұстана ма, жоқ па? Ұстанса, Ербол Садыр неге екі сөйлейді? Жансейіт Түймебаевтың командасына табанының бүрі жоқ осындай кадрлар қаншалықты қажет?» деп сол кезде «Рейтинг» газетіне  жазған екенбіз.

Ербол Садыр алдымен экономика, бюджет,  одан беріде денсаулықтың, әлеуметтік саланың, тағысын тағылардың   да жұмысын үйлестірді.  Ол өзіне жүктелген саланың қиюын келтіре алмаса, басқа орынбасарға қарай оп-оңай ысыра салады. Бірақ өзін алмастыратын кадрдың табылмай тұрғаны таңқаларлық. Оны  алмастыратын кадр жергілікті жерден табылмады деу ақылға қона ма,  әлде Ербол Садыр қызметін сатып алған ба?

Жәнібек ТАРХАН,

«Рейтинг» газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер