2018 жылы қоғамда билік транзиті тақырыбын талқылау күрт күшейе түсті. Бұл аса күрделі саяси процесте Дариға Назарбаеваның маңызды орын алатыны айтпаса да түсінікті. Базбір саясаттанушылар оны Қазақстанның болашақ президенті ретінде де бағалап жүр.
Сарапшылар тарапынан «билік транзитіне» қатысты айтылып жүрген негізгі сценарийлердің бірі – Д.Назарбаеваның әуелі Парламент Сенатының спикерлігіне тағайындалуы. Рас, саяси ықпалы мен құзыры тұрғысынан алғанда премьер-министр, Президент әкімшілігінің жетекшісі немесе ҰҚК төрағасы секілді мықты лауазым болмағанымен, Сенат спикерінің басты артықшылығы – заң жүзінде Президенттің орнын басатын тұлға ретінде белгіленуі. Яғни, Президент қандай-да себеппен қызметтен кететін болса оның орнына уақытша дәл осы Сенат спикері отырады. Бәлкім, сол үшін де болар, бұл қызметті елімізде Қасым-Жомарт Тоқаев атқарып келеді. Сарапшылардың оны «жеңіл салмақтағы саясаткер» ретінде бағалауы тегін емес. Тоқаевтың айтарлықтай саяси амбициясы да, ықпалы да жоқ. Демек, одан қауіптенбесе де болады. Тіпті Тоқаев Президенттің орнына уақытша отырған жағдайда да, оның күшеюіне өзге кландар мүмкіндік бермейді.
Бірақ, осы лауазымды қызметке Дариға Нұрсұлтанқызы бекітілген жағдайда сценарий мүлдем өзгеріп сала бермек. Сарапшылардың пікірінше, Д.Назарбаева үшін президенттік қызметке жетудің бұдан басқа жолы жоқ. Әкімшілік ресурс қанша жерден жұмыс істесе де ашық сайлауда бүкілхалықтық қолдауға ие болуы екіталай. Бұл мәселенің бір жағы. Саясаттанушылар мына жайтқа да назар аударады: біздің елдегі маңызды кадрлық ауыс-түйістер міндетті түрде Қазақстанға ықпалы зор елдермен, ең әуелі Ресей, Қытай және АҚШ-пен келісіліп отыратын көрінеді. Бұл тұрғыдан алғанда Дариғаның кандидатурасын Ресей мен Қытай қазірден-ақ құптап отырған секілді. АҚШ та қарсылық танытпауы тиіс. Оның үстіне, Қазақстанда билік басына әйелдің келуі гендерлік саясаттың жарқын жетістігі ретінде дәріптелуі де ғажап емес. Қалай болғанда да, билік транзитіндегі Дариға Назарбаеваның алар орны 2019 жылы белгілі болады. Шешуші жүріс жасала ма, жоқ па, мәселе сонда.
"Рейтинг" газеті