Оффшордағы қаржыны қайтаруға қауқар болмай тұр

bezopasnost-denezhnyh-sredstv-pri-ofshore.jpg

Шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару мәселесі Қазақстанның құқық қорғау органдарын біраздан бері мазалап жүргенге ұқсайды. Әлбетте, бұл тақырыпқа қатысты нақты деректі келтірудің өзі мүмкін емес. Мұнда тек сарапшылардың берген бағасына иек артамыз. 

Мәселен, «Форбс» журналының есебінше, соңғы 10 жылда оффшорға Қазақстаннан 58,5 миллиард доллар шығарылған көрінеді. Тағы бір сарапшылардың дерегіне сенсек, соңғы 20 жылда елден 140 миллиардтан астам доллар заңсыз әкетілген. Қалай болғанда да, еліміздің тәуелсіздік алған уақыттан бері аяусыз тоналып келе жатқаны шындық. Ал енді сол қаржыны елге қайтару ісі қалай болып жатыр? Бұған бас қатырып жатқандар бар ма өзі? 

Соңғы бірнеше жылдан бері  сыртқа шығарылған қыруар қаржының қайтарылуына Бас прокуратура ерекше мән беріп келеді.  Жуырда Бас прокурор Қайрат Қожамжаров мынадай дерек келтірді: 2015 жылдан бері елден заңсыз шығарылған қаржының тек 17 пайызы қайтарылған екен. Бұл салада бармақ басты, көз қысты тірліктердің көптігін прокурорлық тексерулер барысында қатты байқалған екен. Қаржылық активтерді заңсыз жолмен сыртқа шығарған белгілі бола тұра 86  қылмыскерлерді тұтқындамау фактілері анықталды. Яғни, құзырлы мекемелер ақша ұрлап, шетел асырғандарды жауапқа тартуға аса құлықты болмай тұр. Бәлкім,  мемлекеттің мүддесінен гөрі жеке қалтасының қамы басым түсіп жатқаннан болар.  

Шетелге заңсыз шығарылған активтер мәселесі қозғалғанда ең әуелі бірқатар  атышулы фигуралардың есімдері де аталатыны заңды. Мәселен,   экс-әкім Бергей Рысқалиевке қатысты жаға ұстатарлық фактілер жетерлік. Бұл азаматқа қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанда шетелге жарты миллиардқа жуық қаражатты шығарғаны анықталды. Бұл жайлы 2015 жылы сол кездегі Бас прокурор Жақып Асанов мәлімдеген болатын.  «Мысалы үшін айтайық, бұнда тергеу амалдары жүріп жатқанда, Атырау облысының бұрынғы әкімінің есепшілері, ұрланған жарты миллиард доллар ақшаны шетел асырып үлгерген. Өздері де қашып кетіп, қазір Англияда тып-тыныш өмір сүріп жатыр» деп мәлімдеген Жақып Асанов сонымен бірге «Қазатомпром» ұлттық компаниясының да әрекетін әшкерелеген болатын.  Осы компанияның вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев 70 миллион доллармен шетелге қашып кеткені жайлы кезінде айтылды. Қазір ол Канадада өмір сүріп жатыр екен.  Бұл азаматты елге экстрадициялау бағытында жұмыстар қолға алынғанымен, әзірше нәтиже жоқ. 

  Қожамжаров қылмыстық активтерді іздеп тауып, елге қайтарудың озық әдістерін белсенді түрде қолдануға, оның ішінде шетелдік әріптестердің қаржылық бақылау бөлімшелерінің деректерін пайдалану қажеттілігін айтуда.  Жалпы, құқық қорғау органдарының қаржылық қылмыстарды ашуға қабілетінің төмендігі байқалады. Әдетте ақшаны офшорға шығаратындар өте қу, ақылды, қаржылық және техникалық тұрғыдан өте сауатты адамдар. Олар тергеушілерді әбден шатастыратын түрлі қаржылық схемаларды ойлап табатындықтан, қылмысын дәлелдеу оңайға соқпайды. Осыны ескерсек, бұл жұмыстың тиісті нәтижесін береріне үміттен гөрі күдігіміз басым екенін жасырмаймыз. 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер