Нұрлыбек Әлібекұлы - Түркістан облыстық Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары.
– Нұрлыбек Әлібекұлы, Экстремизге қарсы іс-қимыл басқармасының негізгі міндетіне не кіреді? Әңгімені алдымен осыдан бастасақ....
– Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды ұйымдастыру, діни қарым-қатынас пен діни қызмет саласындағы жағдайға мониторинг жасау және бағалаудан бастап атқаратын басқарманың қызметі көп. Сондай-ақ, осал нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын бақылау, діни қызмет саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды ұйымдастыру да біздің басқарманың міндетіне жатады. Бас бостандығынан айыру орындарында экстремизм көріністерінің алдын аламыз.
Кейінгі жылдары теріс діни ағымдарға өтіп адасқандар жазықсыз жандарға оқ атып, бейбіт елдің берекесін қашырды. Радикалды идеологияға өткен өмірі криминалды, тұрақты жұмысы мен жоғары білімі жоқ жастар үйір болады. Діни сауаттың кемшіндігінен діни ілімді ғаламтордан алып, үгітшілердің сөзіне сеніп, радикализмге тартылады. Олар әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды алдымен материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп, артынан айтқанына көнетін, айдауына жүретін үстемдік жүргізеді. 2018 жылы Түркістан облысында осы бойынша сотқа 22 қылмыстық іс жолданып, жазаға тартылды. Облыс аумағында кең көлемде 293 жедел алдын-алу іс-шаралары өткізілді. Бір ғана мысал, 2018 жылдың 10 мамырында Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде облыс аумағында экстремистік идеология туралы аудио және бейнежазбаларды таратқан 8 адам ұсталды. Оларға «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылды.
– Діни экстремизм – саясат пен діннің арасындағы қарама-қайшылықтан туындайды деген пікірлер айтылып жүр? Бұған сіздің көзқарасаңыз?
– Жалпы діни экстремизмнің негізгі тамыры – білімсіздіктен, діни сауатсыздықтан, жүйелі бір идеологияның жоқтығынан туындайды. Егер азаматтарымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кеңесіп қабылдаған ереже-шарттар мен пәтуаға жүгініп, діни білімін дұрыс бағытта дамытса, жат ағымның жетегінде кетпес еді.
– Сәләфизмнің Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын Ханафи мазхабынан басты айырмашылығы неде?
– Ата-бабаларымыз исламды ұлттық ерекшелігімен сабақтастырып, дін мен дәстүрді қатар ұстап келеді. Ханафи мазхабында дін мен дәстүр, ұлттық құндылықтар бір-біріне қайшы қойылмаған. Сәләфизмнің ерекшелігі – қоғамдағы жағдайлармен санаспай, бірден өздерінің түсінігіндегі исламға шақырып, оған келіспеген адамдарды айыптап, қаралап, дұшпанға санағандықтан бұл радикализмді тудырып отыр.
– Бүгінгі мектеп оқушылары арасында сабаққа хиджабпен бару, бармау тақырыбы үлкен дауға айналуда. Осыған тоқталып өтсеңіз...
– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл ұғым білім беру жүйесінде діни ілімді насихаттауға мүлдем жол берілмейтінін білдіреді. Ал, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін және діни бірлестіктерден бөлінгені нақты атап көрсетілген. Хиджаб – мұсылмандықтың символы емес, араб еліндегі әйелдердің күнделікті дәстүрлі киімі ғана. Бейберекет сақал өсіруді, қысқа балақты шалбар киюді, хиджабты мұсылмандықтың белгісі етіп көрсеткісі келген сәләфилік ағымның шектеулі дүниетанымы мұсылмандар үшін аса қауіпті. Осы теріс түсініктер қазақтарды топ-топқа бөліп, адастыруда. Мұның түбі лаңкестік әрекеттерге әкеп соқтырмасы үшін әрбіріміз мемлекеттің заңына қайшы келетін әрекеттерді ашық сынап, кемшіліктерді жоюға тырысуымыз қажет. Мұның негізі – отбасылық тәрбиеде қалыптасады. Заңға сәйкес ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауы міндетті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 409-бабы 2-тармағында ата-аналарға білім беру саласындағы заңға негізделген міндеттерді орындамаса он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады. Мақтарал ауданындағы Фирдауси мектебінде орамал таққан 286 оқушы қыз орамалдарын шешті. Бұл жүргізілген түсіндірме жұмыстардың нәтижесі.
– Бүгінде бір нысанға бомба қойылғаны туралы жалған мәлімет беріп, елді дүрліктіру жәйттары кездесуде. Терроризм актісі жайлы көрінеу жалған хабарлағандарға қандай шаралар қолданылады?
– Қылмыстық кодекстің 273-ші бабы бойынша жалған терроризмді хабарлағандар 6 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланады. «Телефон террористері» көбінесе, балалар мен жасөспірімдер болады. Терроризм актісі туралы кез келген хабарлау бойынша көрсетілген жерге кинолог мамандар, жарылғыш заттарды іздестіретін техниктер, тергеу жедел топтары келеді. Міндетті түрде «мина қойылған» ғимараттағы адамдарды толық эвакуациялайды. Көп жағдайда адамдар жалған ақпарат тарату заңға қарсы екенін, осының салдарынан сотталуы мүмкіндігін ескермейді. Қазіргі заманда лаңккестік оқиғаны жалған хабарлаған адамды табу қиындық тудырмайды. Осыны ескерулері керек.
Сұхбаттасқан Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА,
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері