Саятшылық - атадан қалған мұра

Screenshot_9.jpg

Облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан «Салбурын мереке ғой саятшыға» іс-шарасы биыл осыменен екінші мәрте Түлкібас ауданында, Алатаудың етегінде Жабағылы ауылында ұйымдастырылды. 

Салбурын адам аяғы әрең жететін қиянға аттанып, иен далада ұзақ уақыт бойы аң аулауды білдіреді. Жақсы ат, қыран бүркіт, жүйрік тазы және түзу мылтықты сайлап, саңлақ саятшылар, құралайды көзге атқан мергендер мен қыран баптаған құсбегілер және әнші-жыршылар жорыққа бірге аттанады. Күніұзақ жан-жаққа кетіп аң ауласа, кешкісін қос басына жиналады. Олар күні қысқа, түні ұзақ ішпыстырарлық марғау мезгілде бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, әзіл-қалжың айтысады. Іздерінен ерген жастарға аңшылықтың қыр-сыры мен қыран мен тазы баптау жолдарын үйретіп, бір-бірімен тәжірибе бөліседі. Кезінде Қасымхан Еділ мен Жайық арасына салбурынға мыңнан астам адаммен шыққан деген аңыз бар.

Сонымен, Түлкібастағы салбурынға алыстан ат арылтып келген саятшылар қоян-қарсаққа жыл бойы баптаған құсын салып, тазысын жүгіртті. Төл өнерден делебелері қозған жұрт қиқулап қоя берді. Қалың нөпір көз тіккен алаңда өмір үшін арпалыс болып жатты. Дала заңы қатал. Қарсақ қашпаса жыртқышқа құрбан болады. Ал, жыртқыш қуып кеп бермесе аштан қатады. Өмір сүру деген – қозғалыста болу. Алаңдағы арпалысқа қарап отырып осынау дала философиясына ой жүгіртіп, хақтығына көз жеткіздік.  

Жемтігіне азу батырып ауыздары қанданған тазылар елгезектене иелеріненің қас-қабағын бақса, басына томаға салынған бүркіттер үмітті ақтағанын сезгендей маңғаздана қанатын жаюмен болды. Ал, қанжығалары майланған саятшылар мерейлері тасып, төңірегіне тоқмейілси қарады. Жұрт мақтауына түстерін суытып сыр білдірмесе де, іштей қуанып тұрғанын аңғардық. Сол күні қыс ауасы бұйығып жататын тау бөктерінде осылайша тіршілік белгісі білінді. 

Screenshot_12.jpg

Түркістан – туризм үшін таптырмас мекен

Көбіне тек қансонарда сайын даланы кезіп, тас жастанатын саятшылар жер қарада бекерге шабылмады. Саятшылар мерекесінің жөні бөлек. Фестиваль мақсаты Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы ойлармен астасып жатыр. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының жалғасында ұлттық түп-тамырымызға үңілу, оны жаңғырту керектігі нықтап айтылған. Өз елінің тарихы мен салт-дәстүріне сусындап өскен бүгінгі буыннан ертеңгі күні тасжүрек шықпасы анық. Міне, Елбасы мақаласының концепциясы қарапайым ғана. Басты концепция – еліне қызмет етер саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу. Біз фестивальде саятшылықпен шұғылданып жүрген жап-жас балаларды көріп, мақаладағы ойлар жүзеге асып жатқанына көз жеткіздік. 

Іс-шара барысында аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков аталған іс-шараның маңызына тоқталып өтті.

– Түлкібаста жыл басында өткізіліп жатқан «Салбурын – мереке ғой саятшыға» іс-шарасының өскелең ұрпаққа біздің ата-бабамыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттаудағы маңызы зор. Елбасы биыл Жастар жылы деп жариялады. Осыған орай, бұл іс-шара жастарымыздың бойына ұлттық кодты сіңіруге, болашақ ұрпаққа жеткізуге байланысты өткізіліп отыр, - дейді аудан әкімі. 

Screenshot_10.jpg

Саятшылық – жабайы аңшылық емес

Осылайша, облыс әкімдігінің қолдауымен, Түлкібас ауданы әкімдігінің қостауымен өткен бұл фестивальде жеңіс тұғырынан көрінген саятшылар қаржылай марапатталды. Атап айтсақ, бүркітшілер арасында жүлделі 3-орынға Төлеби ауданынан келген Таң Төлемырза, 2-орынға түлкібастық Бауыржан Елшіметов, ал 1-орынға созақтық Бағдат Күйменов ие болды.

Ал, тазылар сайысында 3-орын Отырардан келген Төребек Шарабаевтың еншісіне тиді. 2-орыннан ордабасылық Сәрсенбек Әбуов көрінді. 1-орынға арыстық Нұрлыхан Абзаловтың тазысы лайық деп танылды. 

1-орын алған Бағдат Күйменов жеңіске жету үшін ең бірінші кезекте оған ұлттық өнерге деген қызығушылығы себеп болғанын айтты. Осы қызығушылықтың арқасында құс баптаудағы көзге көрінбейтін көптеген қиындықтарын еңсерген. Нәтижесі міне. 

Screenshot_11.jpg

Screenshot_13.jpg

– Мен құсбегілікпен 10 жасымнан бастап айналыстым. Өткенде Ленгірдегі жарыста көзге түсе алмадық. Енді бүгінгі жарыста бағым жанып бірінші орынды иелендім. Дұрысы бүркітім – Ботагөз алып берді. Өткен жылы ағам ересектер арасындағы жарысқа Ботагөзбен барып бірінші орыннан көрінді, – дейді Бағдат. Оның айтуынша, құсбегілікпен айналысу оның сабағына мүлдем кедергі келтірмейтін көрінеді. Бұл жерде ең маңыздысы – уақытты тиімді жоспарлау. Бағдат түс қайта сабақтан келген соң малға қарап, құсын баптап, кешкісін сабағын оқиды екен. Бәріне үлгеріп жүр. Адам жұмысы көп болған сайын ширайды. Әйтпесе жүгі жеңіл жануар жатаған келеді емес пе? Саятшылық – адамды қырағылыққа, шыдамдылыққа баулиды. Табиғатты аялауға үйретеді. Сейілхан Ілесбай есімді саятшының айтуынша, саятшылық – жабайы аңшылық емес. Яғни, саятшылар дала төсін емген аңды қынадай қырмайды, жайратпайды. Кезінде қыс қатты болғанда ауыл тұрғындары жерге ас таппай қалған. Сонда саятшылар табиғат тепе-теңдігін бұзбау үшін шекті мөлшерде қоян, түлкі аулап, жұртты қыстан аман алып шыққан екен. 

– Саятшылық – атадан қалған мұра. Оны өз деңгейімде жалғастырып келемін. Әрқашан қатарластарыма насихаттап жүремін. Тазы ит, қыран құсты жақсылап баптап, аңға салсаң құмардан шығасың. Саятшылық – тәрбиенің бесігі, қос буын арасын жалғаушы дәнекер көпір- дейді құсбегі Бауыржан Тұрниязов. Расында саятшылар бас қосатын салбурында аға буын мен кіші буын бір-бірімен сұхбаттасады. Мұндай өнегелі сұхбаттасуда тәрбиелік мәні зор әңгімелер, оралымды ойлар айтылады. Кіші буын ағаларына құрмет көрсетсе, ағалары ізет танытады.

Абылай СМАТУЛЛАҰЛЫ, 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер