Венесуэланың президенті Николас Мадуро елдегі оппозицияның жетекшісі Хуан Гуайдоға алған бағытынан қайтып, мемлекетке ешқандай зиян тигізбеуге шақырды.
-Өзіңнің көтеріліс жасау жөніндегі ұстанымнан қайт, бір үстелдің басында отырып, бетпе-бет сөйлесейік,-деді президент теледидар арқылы жолдаған сәлемдемесінде.
Президент Венесуэлада дереу президент сайлау өтуі тиіс деген Еуропаның басшыларын да түйреп өтті.
-Елде президент сайлауы енді 2024 жылы өтеді. Ешқандай да сайлау өтпейді. Бізде қазір Парламент сайлау өткізуге зәру болып тұр. Еуропа одан да өз проблемаларымен айналыссын,-деді Мадуро.
Мадуро Венесуэла қазір АҚШ үшін номері бірінші жауға айналғанын атап өтіп, Трампқа «қателік жасама» деген ескерту айтты.
-Егер Америка әсері бізге шабуыл жасаса, бізге қорғануға тура келеді. Біз Венесуэланы бермейміз,-деді президент. Тіпті ол егер шабуыл жасаса, онда Венесуэланы екінші Вьетнамға айналып кететінін де айтты.
Шын мәнінде Венесуэладағы қазіргі жағдай әлем үшін қауіпті ме? Аса қауіпті демесек те алаңдауға негіз бар сияқты.
Мадуроның «Парламент сайлау өткізуге сұранып тұр» деген сөзді бекер айтып отырған жоқ. Бүліктің басы Парламентте, дәлірегі заң шығарушы органның төрағасынан шықты.
Хуан Гуайдо 2015 жылы Парламент депутаты болып сайланған. 5 қаңтарда ол Парламент-Ұлттық Ассамблеяның төрағасы болды. 23 қаңтарда мыңдаған адам қатысқан митингіде ол өзін сайлауға дейін президенттің міндетін атқарушы деп жариялап, құдайға ант берді. Халыққа арнаған мәлімдемесінде уақытша президент ел астанасы Каракасты диктатурадан қорғап, констиутциялық тәртіп енгізгісі келетінін айтты. Арада бірнеше сағат өткенде АҚШ президенті оны мемлекет басшысы деп таныды.
-Венесуэла халқы Мадуро мен оның режиміне қарсы тұрып, бостандық пен заңдылықты талап етті,-делінген Трамптің мәлімдемесінде. Бұл енді қаншалықты заңды? Өзіңіз ойланып көріңізші, АҚШ Конгресінің басшысы өзін уақытша президентпін деп жарияласа... Ал Ресей оны президент деп таныса...Қалыптасып отырған жағдай дәл осыған ұқсас емес пе? Осындай қысылтаяң кезде Ресей Николас Мадуроны қолдады. Қытай әзірге бейтарап саясат ұстанып отыр.
Бірақ қалай десек те бұл оқиғаның астарында біраз мәселе бар. Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы наразылықтың төбе көрсеткеніне екі жылдың жүзі болған. 2017 жылдың жазында билікке қарсы наразылықтардың нәтижесінде жүздеген белсенді тұтқындалды. 163 адам қаза тапты. Билік 129 адамның өлімін мойындады. Осы жылы бұрынғы офицер Оскар Перес тікұшақты ұрлап айдап кетіп, Жоғарғы сот пен Ішкі істер министрлігінің ғимараттарын атқылады. Оскар Перестің өзі 2018 жылы арнайы операция кезінде қаза тапты. Былтыр тамызда Мадуроның өміріне ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен сәтсіз қастандық жасалды. Қастандықты әскерилердің жасағаны кейін белгілі болды. Осыншама қарсылықтың арғы жағында не жатыр? Тапсырыс па әлде бұл шынында да шынайы наразылық па? Сарапшылардың айтуынша, билікке келгелі Мадуро сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан. Бизнесмендерден ірі көлемде пара алған. Былтыр оның екінші президенттік мерзімге өткізген сайлау өте лас жағдайда өткен.
Ал Мадуро өзін алпауыт елдердің ұйымдастырған қастандықтарының құрбаны ретінде көрсетуден танбай келеді. Оның айтуынша, Гуайдо АҚШ-тың қолындағы қуыршақ. Оны Ресей, Боливия, Иран, Сирия, Түркия, Ургувай, Куба және Мексика қолдайды.
Ресей Венесуэланы не үшін қолдайды? Мұның арғы жағында саяси әрі экономикалық мүдде жатыр. Венесуэла 2001 жылдан бергі аралықта Ресейден қару сатып алады. 2018 жылы Ресей Венесуэлаға кем дегенде 17 миллиард доллар несие берген.
Жағдай бұдан әрі қалай өрбиді? Мадуроның режимі Қытай мен Ресейдің қолдауына ие болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бағады. Қос держава Мадуроны әрекеттерін құп көрмеген күннің өзінде АҚШ-қа қарсы шығу үшін оның режимін қорғап қалуға тырысады. Ал АҚШ мұны білмейді емес.
Сарапшылардың болжамынша, Мадуро мен Венесуэланы тағдыры осы аптада толығымен шешіледі.