«1,5 айда байқағаным мемлекеттік қызметкерлерде хат жазу, қағаз толтырудан бастап бюрократиялық тосқауылдар көп. Прокурорға үш күн бойы хат жаздық. Жалыққаным сондай, жұмысты телефонмен бітіруге шақырдым. Мемлекеттік қызметкерлер қағазбен көп жұмыс істейтіндіктен, негізгі күш соған кетіп, халықтың айтқан мәселелері шешілмей қалады».
«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсе басшысы Ерасыл Төлебаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің өткен жылды қорытындылаған жиынында осылай деді.
Ашық форматта өткен пікір алмасуда әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянынан бастап, халықтың құқықтық сауатын арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды халыққа түсіндіру жолдары қоса талқыланды.
Блогер Айгүл Орынбек: «Мемлекеттік қызметкермен халықтың арасына байланыс өте төмен. Оны кешегі әйелдердің көтерілуінен байқауға болады. Биліктегілерден тиісінше жауап ала алмаған тұрғын көбіне әлеуметтік желі белсенділерінен көмек сұрайды» деді. Қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, қазір 36 мың қала тұрғыны үй кезегінде тұр. Жағдайы төмен отбасыларға өз кезегі келгенше жеңілдік жасау үшін, жалға төлейтін пәтер ақысын үкімет есебінен төлеуге заңға өзгеріс енгізуді ұсынған.
– Ендігі жерде халықтың құқықтық сауаты мен жауапкершілігін арттыру керек. Өйткені, қанша рет заңды мемлекеттік қызметшілер түсіндіргенмен көпшілігі түсінгісі келмейді. Күнделікті барлық басқарма басшылары, қала әкімінің орынбасарлары әр аптада сауалы бар тұрғынды жеке қабылдағандықтан, көпшілік айтқан мәселенің 90 пайызы шешілуде. Көбінесе қалада тіркелмеген, үй кезегінде тұрмағандар баспана сұрайды. Бұл енді заңға қайшы болғандықтан, біздің қолда емес. Қағазбастылыққа келер болсақ, барлық тапсырмалардың өз заңы мен регламенті, нормативтік құжаттары бар. Мемлекеттік қызметшілер сол құжаттармен жұмыс жасайды. Сұрағы бар тұрғындарға әрқашанда есік ашық,- деді Г.Мамытқызы.
Журналист Әсет Әссандидің пікірінше, мемлекеттік қызметкерлер әлеуметтік желіде белсенді болса көпшілік сұрағына уақытылы жауап алып отырады. Газет оқымайтындар көп, жаңалықтарды да барлығы бірдей қарамайтындықтан құқықтық сауатсыздық осыдан шығатынына мысал келтірді. Департамент басшысы Әли Көмекбаев Агенттік аптасына екі ұсыныс беруді тапсырғандықтан, сыбайлас жемқорлықты төмендетуде ой-пікірлер болса тікелей жолдауға, төрағаның фейсбук әлеуметтік желісіне салуға болатынын айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камал Қабылбеков, ҚМДБ Шымкент қаласындағы өкіл имамының орынбасары Қайрат Ерғазиев,Қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Әкенов, Жастар ресурстар орталығының маманы Қамбар Жани ашық диалог кезінде жоғарыдағы мәселелерге қатысты өз ойларын білдірді.
Динар БАЛҚЫБЕКОВА