Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығы өнімі арта түскен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында ауылшаруашылық өнім өндірісін жолға қоюды тапсырған болатын. Бұл талаптан бүгінгі таңда Сарыағаш ауданының диқандары шығып отыр.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, ауданды дамыту жоспары жан-жақты сараланып, барлық сала зерделенген. 2030 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес ауданда 139 жобаның тізімі жасалған. Құны 144,2 миллиард теңгені құрайтын жобаларды іске асыру арқылы 4663 жаңа жұмыс орны ашу көзделген. Оның ішінде өнеркәсіп саласында 51, туризм саласында 25, ауыл шаруашылығында 31, құрылыста 17, қызмет көрсету саласында 15 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 2030 жылы ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 747,9 миллиард теңгені құрап, 2,5 есеге артады деп күтілуде. Сөйтіп, алдағы 6 жылда 527,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, көлемі 2030 жылы 3,8 есе артады деп жоспарланған.
- Аудандағы жылыжайдың отаны деуге болатын Жартытөбе ауылдық округінің шаруалары бүгінгі таңға 52 тонна қырыққабат, 18 тонна көкөніс және 20 тонна қияр мен қызанақ өнімдерін жөнелткен. Жылыжай шаруашылығының қатары жылдан жылға көбейіп, жалпы көлемі бойынша да, алынған өнімі бойынша да республикада көш ілгері тұр. Бүгінгі таңда ауданда күніне жүздеген килограмм өнім жиналуда. Дайын өнімдер республикамыздың солтүстік өңірлері мен ТМД елдері мен алыс-жақын шет елдерге экспортқа шығарылуда. Алдағы уақытта ауданда экспорт көлемін ұлғайтуға байланысты тиісті шаруалар атқарылуда. Айта кетейік, Сарыағаш ауданының даму жоспарына сәйкес ауданда егіс алқаптарымен қатар жылыжай көлемі де еселеп артып келеді, - аудан басшысы.
Аудандағы жылыжай шаруашылығының жұмысымен танысуға келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков онда бірқатар жылыжай иелерімен кездесті. Шаруалар қатты отын бағасын тұрақтандыру, көкөніс пен жеміс-жидек импортын реттеу бойынша өтініштерін жеткізіп, электр қуатының қыс мезгілінде үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді сұрады. Аудан басшылығы қазіргі таңда ауданда көмір тапшылығы жоқ екенін айтты. Көтерілген мәселелерге қатысты заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан Нұрбол Тұрашбеков облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы мен аудан әкімдігінің жауапты мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы Түркістан облысында жылыжайлардың жалпы көлемі 1640 гектарды құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштің 71 пайызы. Биылғы 9 айда өңіріміздегі жылыжайларда 150 мың тонна көкөніс жиналып, маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігін 42 пайызға қамтамасыз етті. Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бойынша бүгінгі таңда 602 гектар алқапты қамтитын 3 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жаңадан 6150 жұмыс орындары құрылып, жылыжайлардан қосымша 180 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде республика халқын маусымаралық кезеңде жылыжай өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жол ашпақ.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында елдегі агроөнеркәсіп саласын дамыта отырып, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсеті керектігін айтты. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіппен айналысамын деген азаматтарға жасалып жатқан мүмкіндік мол. Жылыжай ашып, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен айналысамын деген кәсіпкерге жол ашық. Бүгінгі күні облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамсымен Түркістан облысының аудан, қалаларын дамыту стратегиясын бекіту жұмыстары жалғасуда. Кеше Сарыағаш ауданын дамыту жоспарын талқылан кезде өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сарыағаштың әлеуеті толық қолданылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жүйелеуді тапсырды. Басым бағыттар – өндіріс орындарын көбейту, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолданып, өнімділікті арттыруға көңіл бөлуді тапсырды. «Ізденіс, даму, өзгеріс керек. Ізденбейтін, өзгеруді қаламайтын адамның, басшының жетістікке жетуі қиын. Жан-жақты зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Бір зауыт тоқтап қалса, көрсеткіш түсіп кетпеуі үшін өндіріс орындарын көбейтіңіздер. Ауданның туристік, өндірістік, логистикалық, транзиттің мүмкіндігі жоғары. Ауыл шаруашылығын дамытуға да қолайлы. Жүйелі жұмыс қажет», – деген болатын Дархан Сатыбалды ауданға қатысты берген тапсырмасында. Біз де бүгін аудандағы жылыжай шаруашылығымен таныса келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын өнеркәсіп саласымен бірге тапсыруды тапсырдық, - дейді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бізге берген сұхпатында.