Түркістан қаласында туризмді дамытуға бағытталған жобалар жетерлік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешендеріне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін атап өтті.
«Жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек», - дейді Президент Жолдауында. Бүгінгі күні Түркістан қаласының алдағы 6 жылға түзілген даму жоспарында инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсету жолдары қаралған.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, қала халқы 234 мыңнан асты. Экономикалық белсендісі 83 мыңнан асса, оның жұмыспен қамтылғаны 80 мыңға жуықтаған. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 30 мың адамнан асып отыр екен. «Қаланың жалпы өңірлік өнім көлемін 2030 жылға қарай 2,8 есе арттыру көзделген», дейді қала әкімі.
- Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында туризмді, бизнесті, индустриалды аймақтардың жұмысын арттыруды тапсырды. Түркістан қаласы мен оған іргелес аумақтарда тарихи және көне ескерткіштердің орналасуына байланысты туризм дамып келеді. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың болуы да облыс орталығын ерекшелендіріп отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында өңір басшысы қала дамуына қажетті инфрақұрылымның төмендігін алға тартып, жан-жақты жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі де бекер емес. Облыс орталығында халық саны артып келеді, жұмыс күші де жеткілікті. Барлық жағынан дамуға мүмкіндік бар. Халықаралық әуежайдың салынуы, «Батыс Европа – Батыс Қытай» автодәлізі мен теміржол торабының бойында орналасуы туристерді көптеп тартуға серпін береді. Жуырда өткен инвестициялық форумда біраз келісім жасалды. Соның өзі шаһардың экономикасын көтеруге үлес қосады. Бірақ мұнымен шектелмей, инвестиция тартуды тоқтатпау керек. 2030 жылға қарай Түркістан өзін-өзі қаржыландыратын шаһарға айналуы тиіс. Біздің алдымызға бүгінгі күні өңір басшысының қойылып отырған талабы осы. Біз сол талаптан шығамыз деген сенімдемін, - дейді Әзімбек Пазылбекұлы.
Дегенмен, соңғы 4 жылда қала экономикасына 1,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Алдағы 6 жылда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін 4,6 триллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы алдағы 6 жылда Түркістанда бірқатар жобаларді іске асыру көзделген. Жоспарлы кезеңде 541 миллиард теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 триллион теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 триллион теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 миллиард теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 миллиард теңгені құрайды деп жоспарлануда.
Ал өңірге келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 миллиард теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 аумақты алып жатыр. Онда жалпы құны 126 миллиард теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.
Индустриалды аймақтың аумағы 190 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы құны 10,5 миллиард теңге болатын 954 жұмыс орнымен 21 жоба іске асырылған. Сонымен қатар алдағы жылдары құны 15,8 миллиард теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі жылдық орташа өсім 17 пайыз болады деп болжамдануда. Жеке инвестициялық жобалар есебінен құрылыс жұмыстарына құны 243,9 миллиард теңгені құрайтын, 2552 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 136 жоба қарастырылуда. Қаланың жалпы өңірлік өнімінің негізгі бөлігін көтерме және бөлшек сауда құрайды. Салаға 6 миллиард теңгені құрайтын, 340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 8 жобаны ұйымдастыру көзделген.
- Қаланы дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, биыл 53,5 миллиард теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 миллиард теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілді. Жалпы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаладағы туризм мен индустриалдық аймақтың дамуына, қаладағы туризмнің өсуіне әкелері анық, - дейді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.