Түркістан облысында жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда
Жол құрылысы қашанда маңызды. Жол – күретамыр. Президент Жолдауында елімізде көлік транзитін дамытуға басымдық бергені белгілі. Бүгінде автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән берілуде.
«Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн», - дейді Президент.
Түркістан облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Биылғы жыл қорытындысымен жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта, биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 41,4 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1061,3 шақырым жол жөндеуден өтсе, жыл қорытындысымен 560 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе екеніне ерекше тоқталды. «Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын» деген болатын Президент. Бүгінгі таңда облыста жөнделіп жатқан жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Оны облыс әкімі Дархан Сатыбалды да үнемі өз бақылауында ұстап келеді. Аймақ басшысының жол құрылысын қолға алған мердігерлерге қоятын басты талабы – сапа. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Жол құрылысы тұрақты қадағалауда болады, – деді Қуатжан Жұматаев.
Жалпы соңғы жылдары облыста жол логистикасының жақсарғаны байқалады. Түркістан облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыстық маңызы бар жолдарға тиісті қаржы бөлініп, 379,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жыл қорытындысымен 207,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр, 2 жарықтандыру жобасын пайдалануға беру көзделуде. Қазіргі таңда 11 нысан толықтай пайдалануға берілсе (5 жол, 1 көпір, 4 құбыр, 1 жарықшам), қалған 9 нысанда жұмыстар жалғасуда. Осы орайда, биыл басқарманың тапсырысымен іске асырылып жатқан нысандарда «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ тарапынан 642 сынама алынып, 96 сынама сәйкес келмеген. Соған сәйкес, кемшіліктерге жол берген мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 120-ға жуық ескерту хаттар беріліп, 7,3 миллион теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ сапасыз салынған 8100 шаршыметр асфальт жабыны қайта төселген.
- Осы жылы аудандық маңызы бар жолдарға – 2,6 миллиард теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Атап айтсақ, елді мекен көшелері бойынша 197 жоба шеңберінде 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 98 елді мекендегі 482,5 шақырымды құрайтын көше жолдары жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысымен 325,2 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Ол жолдар пайдалануға берілген соң индикатор көрсеткіші 70 пайыздан 74 пайызға жетеді. Жалпы жол құрылысы жұмыстары уақтылы аяқталып, тапсырылуда, - дейді басқарма басшысы.