Түркістан облысында инфрақұрылым жүйелері уақыт талабына сай жаңғыртылуда
Мемлекет басшысы Жолдауының төртінші бағыты етіп инфрақұрылымды дамыту бағытын алып отыр. Яғни, халықтың өмірін жайлы ететін таза ауыз су, көгілдір отын, жол мен тұрғын үй құрылысы Президенттің әрбір Жолдауында өзекті бағыттың бірі болып келеді.
Ал бүгінгі таңда Түркістан облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 300-ден астам жоба іске асырылуда.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, жыл соңына дейін 300-ден аса жобаның 196-сы аяқталады деп жоспарлануда. Қалғаны келесі жылға өтпелі.
- Президент тапсырмасын орындау мақсатында облыстағы елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарып, таза ауыз су, газ, электр энергиясымен қамту жұмыстары жалғасуда. Бұрын таза ауыз су, көгілдір отын бармаған елді мекендерге осы игіліктер жетіп, елдің өмір сапасы жақсара түсті. Биыл облыста газбен қамту бойынша 112 нысан, таза ауыз су бойынша 122 нысан, электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 196 жоба биыл жүзеге асырылады. Бүгінгі күні облыс әкімі Дархан Сатыбалдының да біздің басқарма мен қала және аудан басшыларына қойып отырған талабы, бірінші кезекте ауыз су мәселесін шешу. «Жоспарланған жұмыстар жедел әрі сапалы атқарылуы тиіс. Таза ауыз сумен, көгілдір отынмен және электрмен қамту бағытындағы жобаларды да сапалы атқарыңыздар. Түркістандағы арнайы экономикалық аймақты инфрақұрылыммен қамтумен қатар абаттандырып, көгалдандыру керек. Кәсіпкерліктің дамуы, инвестицияның артуына инфрақұрылымның тікелей қатысы бар. Жұмысты ширатыңыздар», деп тапсырған аймақ басшысының тапсырмалары жоспарға сәйкес орындалуда, - дейді Руслан Мұздыбеков.
Таратып айтсақ, биыл таза ауыз су бойынша 96 нысан аяқталып, жаңадан 30 елді мекен таза ауыз сумен қамтылады. 37 елді мекен тәулік бойы сумен қамтылса, 24 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңарту көзделген. Олардың бірқатарында жаңа құрылыс жүргізілсе, біразына кешенді блок-модульдер орнатылуда. Қайта құру, құбыр тарту, ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы да мәселелер шешілуде.
Ал табиғи газ бойынша 54 жоба биыл жүзеге асырылады. 58-і келесі жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен 47 елді мекен табиғи газбен қамтылмақ. Газбен қамтылған елді мекендер саны 557-ге, халық саны 1,8 миллионнан асады деп күтілуде. Электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы жүруде, оның 35-і биыл аяқталса, жыл қорытындысында 41 елді мекеннің халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді. «Қызыләскер», «Алатау» қосалқы станцияларының құрылысы аяқталуда. 383,7 шақырым электр желілері тартылып, 104 трансформатор орнатылады.
- Инфрақұрылым жұмыстарының аясында облыс әкімі тапсырғандай өңірдегі кәсіпкерлік нысандарына инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Келес ауданында «ECOCULTURE-EURASIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешені, Шардара ауданында жүгері өңдеу зауыты, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта және Түлкібас ауданындағы «BeibarsBottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инфрақұрылым құрылыстары жүргізілген. Сонымен бірге газ тарату станцияларының да құрылысы жүруде. Облысты инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуда, - дейді Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.