Түркістан облысында өндірістік парктердегі бизнестік жобалар қарқынды іске асырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдегі инвестициялық ақуалды жақсартуды, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды, шетел инвесторларына бар жағдайды жасай отырып, отандық өндіріс ошақтарын дамытуды тапсырды.
Осы тапсырма аясында Түркістан облысында алдағы жылдардың даму жоспары әзірленіп, индустриалдық аймақтарға ерекше көңіл бөліне бастады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, Түркістан облысы әкімінің қолдауымен инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Сауран ауданында «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өндірістік парк 30 гектар аумақты алып жатыр, жалпы бұл парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимарат пайдалануға берілген.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті екенін айтты. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешендеріне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін жеткізді. Бүгінгі күні Түркістан облысында Президент тапсырған тапсырмалар талапқа сай орындалуда. Ол тапсырмалардың өңірде жүзеге асырылуына облыс әкімі Дархан Сатыбалды да үлкен қолдау білдіріп отыр. Жалпы өндірістік парктің құны 13 миллиард теңгені құрайды және оның құрылысы аяқталғанда жаңа зауыттар салынады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аумаққа барып, құрылыс жұмыстарын қадағалады. Мердігер мен жауапты басқарма басшысына және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасына тиісті тапсырмалар берді. Онда болған аймақ басшысы мердігер компанияларға өндірістік парктегі ғимараттар уақтылы тапсыруды тапсырды. «Алдымен тұрмыстық техника, электроника өнімдерін шығаратын зауыттардың ғимараттарын жедел аяқтап, жобаларды бастау керек. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратқа жаңа жобалар іздеп, келісімшарт жасай берген жөн. Ізденіңіздер, инвесторлармен жүйелі жұмысты жалғастырыңыздар», деді. Бүгінгі күні Сауран ауданының басшылығы бұл тапсырманы өз деңгейінде орындап отыр, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Ал Түркістан қаласы маңындағы өндірістік паркте 100 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 151 ғимарат салу жоспарланған. Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, ондағы құрылыс-монтаждау жұмыстары «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Аталған жоба 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде 30 гектар жерде инвестиция көлемі 154,8 миллиард теңгені құрайтын 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 24,7 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Сонымен қатар 8 жоба іске асырылып, 36,5 миллиард теңге инвестиция тартылған және 712 жаңа жұмыс орны құрылуда.
Қазіргі уақытта Өндірістік паркте «BNK Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаруда. Жобаның инвестициялық құны 14,1 миллиард теңгені құрайды. Жоба толық қуатында жүзеге асырылғанда 140 жаңа жұмыс орын ашу жоспарланған. Ал «Aqniet Holding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалық инвестиция құны 5,9 миллиард теңгені құрайтын мектепке арналған жиһаздарды өндіретін кәсіпорнды іске қосқан. Жоба аясында 75 адам жұмыспен қамтылған. Украиналық «UBC Group» компаниясы инвестиция құны 10 миллиард теңгені құрайтын өнеркәсіптік тоңазытқыштарды іске қосып, 160 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл аталған өндіріс ошақтары мен өзге де кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.
- Биыл бұл парктерде жыл соңына дейін 13 ғимаратты және 2025 жылдың бірінші тоқсанында 16 ғимаратты іске қосу жоспарланған.
Екінші кезеңде 2025-2026 жылдары 70 гектар аумақта 112 ғимарат соғу межеленген. Үшінші кезеңде, яғни, 2025 жылы 14 ғимаратты іске қосу жоспарланған. Олардың инвестициялық құны 35,1 миллиард теңгені құрайды. Жалпы кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындары ұсынылып, осы арқылы жұмыс орындарын көбейту көзделіп отыр», - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.