Жер қойнауын пайдалануда заңсыздықтарға жол берген кәсіпкерлер лицензиясы тоқтатылды

Oinet.kz 15-10-2024 20

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажеттігіне назар аударды. 

Screenshot_28.jpg

«Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Үкімет пен «Атамекен» палатасы осы бағытта нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс. Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды» деп атап өтті Президент жолдауында.

Президент тапсырмасына орай Түркістан облысында табиғатқа жанашырлық танытпаған бизнес өкілдерімен бүгінгі таңда күрес күшейтілген. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, бүгінгі күні Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 80 келісімшарт және 111 лицензия негізінде жұмыс істейді. Бір атап өтерлігі, олардың ішінде биыл жыл басынан табиғатты қорғауға байланысты келіссөз міндеттемелерін орындамаған 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мен лицензиялары мерзімінен бұрын тоқтатылыпты. Одан бөлек, міндеттемелерін толық орындамаған 38 жер қойнауын пайдаланушының келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтату ұсынысы облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жолданған. 

- Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында табиғат байлығын қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмей пайдалану керектігін тапсырды. Бірақ келіссөзде міндеттелген талапты орындамайтын бизнес өкілдері де аз болмай тұр. Президентіміз «Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін» деп атап өткеніндей, орман мен тоғайларды, өсімдіктер әлемін сақтау әрбір азаматтың азаматтық борышы деп білем. Жоғарыда айтқан заңсыздықтарға жол берген бизнес құрылымдары облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында тұр. Аймақ басшысы өз сөзінде, «жер қойнауын, карьерлерді қолдануда заң талаптарын сақтамаған компанияларға қарсы қатаң шара қабылдау керек. Құқық қорғау органдары тарапынан да батыл әрекеттер жасалуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер» деп айтқан тапсырмасын басшылыққа алып, жауапкершілікті күшейтіп, бизнес өкілдеріне қойылатын талапты арттырып отырмыз, – деді Нұржігіт Мырзахметов. 

Жалпы бұл басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Нұржігіт Мырзахметовтың айтуынша, облыс аумағындағы ірі өзендері мен көлдерінің су қорғау белдеуіндегі және ауылдар мен елді мекендердің аумақтарына жақын жерде заңсыз жұмыс істеген  жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялары мен келісімшарттары тоқтатылды. Одан бөлек, Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылдық округі аймағында стратегиялық маңызы бар «Бу газ қондырғысы құрылысы» айналасындағы кен орындарының жұмысын тоқтату бойынша жұмыстар заңға сәйкес жүргізілуде. 

- Аймақ басшысы құзырлы органдар мен департамент басшыларына жер қойнауын пайдаланушыға қатысты кемшіліктер бойынша тез арада заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуді және жерді қалпына келтіруді міндеттеуді тапсырды. Заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан қызыл нүктелер бойынша тиісті шара қабылдауды міндеттеді. Аудан, қалаларда заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу үшін құрылған мобильді топтар мен ішкі істер органдары бірлесе рейдтік жұмыстарды күшейту керек екенін айтты. 

Жер қойнауын пайдаланушылардан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған төлемдер бойынша 2023 жылы 1 996,7 миллион теңге түсті. Биылға 2,2 миллиард теңге жоспарланып, бүгінде 897,1 миллион теңге түскен. Биылғы жоспар толығымен орындалады.

Сонымен қатар басқарма тарапынан жер қойнауын пайдаланушылардың заңнамаларды сақтауы бойынша бақылау тұрақты жүргізілуде. Нәтижесінде, маркшейдер маманымен 62 кен орны аумағынан кемшіліктер анықталды. Оның ішінде 17 жер қойнауын пайдаланушы өз еркімен залал шығындарын өтеді. 4 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты Басқарма тарапынан талап-арыз сотқа жолданса, 41 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты іс-құжаттар Облыстық жер ресурстары департаментіне жолданды, - дейді басқарма басшысы. 

Бұдан бөлек, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтбаевтың айтуынша, жыл басынан облыс бойынша заңсыз жер қойнауын пайдаланудың жалпы 204 дерегі анықталған. Оның ішінде, 200 дерек бойынша Әкімшілік кодексінің 139-бабы (Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу) арқылы жауапкершілікке тарту үшін жинақталған құжаттар Экология департаментіне жолданған. «Экология департаментімен 91 әкімшілік іс қаралып, жалпы  2 миллион 234 мың 239 теңге айыппұл салынды. Оның ішінде, өндірілгені – 2 миллион 52 мың 719 теңге. Сонымен қатар 2 әкімшілік іс қайталанғаны үшін сотқа жолданды. Қазіргі таңда 107 әкімшілік іс қаралуда. Олардың басым бөлігі Сауран, Сайрам, Қазығұрт аудандарына тиесілі. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша 4 дерек анықталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, арнайы тұраққа 178 жүк көлігі және 43  техника қойылды» дейді Бағланбек Айтбаев.

Түркістан облысында өндірістік парктердегі бизнестік жобалар қарқынды іске асырылуда
Түркістан облысында әлеуметтік тұрғыдан қорғалған азаматтар мемлекет қолдауына ие
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу