Түркістан облысында әлеуметтік тұрғыдан қорғалған азаматтар мемлекет қолдауына ие
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін атап өтті.
Осы бағытта Түркістан облысында қолға алынған жұмыстар аз емес. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Бегман Нұрмахановтың айтуынша, бүгінгі күні Түркістан облысында 362 287 зейнеткер бар екен. Оның 186 489-ы жасына байланысты зейнетақы алушы болса, 175 198-і базалық зейнетақы алушылар. Сонымен қатар, өңірдің 346 238 азаматы жәрдемақы алушылар қатарында.
- Президентіміз Жолдауында балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылғанын айта келіп, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатқанын айтты. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын» деді Президент.
Бүгінгі күні Мемлекет бастамасымен қолға алынған жобалар ең алдымен халықтың тұрмысын, әл-аухатын көтеруге бағытталып отыр. Түркістан облысы елімізде көпбалалы отбасылар көптігінен көш бастап тұр. Бүгінгі таңда өңірде 120 549 көпбалалы отбасы жәрдемақы алады. Сондай-ақ, 64 354 көпбалалы анаға департамент жәрдемақы белгілеген. Бұдан бөлек, 75 262 облыс тұрғыны мүгедектігі бойынша жәрдемақы алса, 21 839 азамат асыраушысынан айрылу себебінен мемлекеттік жәрдемақы алады» - деді Бегман Нұрмаханов.
Сонымен қатар, департамент басшысының айтуынша, медициналық көмекке жүгінетін облыста мүгедектігі бар адамдардың саны 100 029-ға жетіп, республикадағы жалпы мүгедектер санының 13,7 пайызын құраған. Мүгедектігі бар адамдардың 15 189-ы кәмелет жасына толмағандар болса, қалған 84 840-і 18 жастан асқан облыс тұрғындары.
Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар мен түрлі зорлық-зомбылыққа тап болған көп балалы, жалғыз басты аналар мен мүгедектерге көмек көрсететін 4 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеуде. Олар Жетісай, Келес, Шардара мен Сайрам аудандарында «Отбасын қолдау орталығы» КММ ретінде ашылып, азаматтарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанынан 9 «Отбасын қолдау секторы» құрылған. Аталған орталықтардың негізгі қызметі – мемлекеттің отбасылық саясат шараларын іске асыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау бойынша жұмысты үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету және мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру.
Жалпы облыстағы орталықтар мен секторларда 130-ға жуық маман жұмыс істейді. Онда бүгінге дейін 3400-ден астам адамға көмек көрсетілген. Орталықтарда аз қамтылған, көп балалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға денсаулық сақтау мәселелері, жұмыспен қамту, мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік төлемдер, тұрғын үйге кезекке тұру, сертификаттар алу, құқықтық және медиаторлық кеңес, материалдық көмек, психологиялық қолдау, түрлі психологиялық және мотивациялық тренингтер, өзге де оқу курстары, шағын кәсіп ашу, грант алу, өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарын қолдану және басқа да шараларды ұйымдастырып, көмек беруде.