Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыс көп
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жобалар аз емес. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы да, «Ауыл аманаты» жобасымен бірге өзге бағдарламалар мен жобалар сияқты өз тиімділігін көрсетті.
Әсіресе Президент Жолдауында көзделген міндеттер мен бағдарлар осы жобаларды іске асыру барысында маңыздылығын дәлелдей түсті.
Түркістан облысы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, облыста жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық және мемлекеттік жобалар облысы әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған. Сол сияқты «Ауыл – ел бесігі» жобасы да көптің назарында.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар мен жобалардың ел игілігі үшін жұмыс істеуі керектігін үнемі айтып, билікке тапсырып отыр. Сондай-ақ өңірлерді өркендетуге, өндіріс ошақтарын дамытуға, индустриалдық аймақтардың жұмысын жандандыруға Жолдауында айтарлықтай көңіл де бөлгені белгілі. Осы айтылған міндеттерді асыруда, инфрақұрылым мен шағын кешендердің құрылыс жұмысын жүргізуге бірінші кезекте «Ауыл – ел бесігі» жобасының көп септігі тиіп отырғаны жасырын емес. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды да жоба аясындағы жұмыстардың сапалы жүзеге асырылу керектігін үнемі аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есіне салып отыр. «Бұл жоба елді мекендердің инфрақұрылымы мен тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етуде. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары бірлесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуі тиіс» деп тапсырғанындай бүгінгі күні бөлінген қаржыны уақтылы игеруге, құрылыс нысандарын өз мерзімінде аяқталуға басымдық берілуде, – дейді Қанат Қайыпбек.
Жалпы, биыл Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 181 елді мекенде 213 жобаны іске асыруға 29,5 миллиард теңге бөлінген. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, олардың арасында өтпелі нысандар да бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 156 жаңа жобаның 153-іне жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар жасалған. Биылғы 1 қарашаға жоспарланған 23,6 миллиард теңгенің 20,6 миллиард теңгесі игерілген. Яғни, бұл жобаға қаралған қаржының игерілуі 87,2 пайызды құраған. Жыл қорытындысымен 152 жобаны пайдалануға тапсыру жоспарланған. Биыл 1 қарашадағы жағдайға 27 жоба пайдалануға берілсе, 125 жоба жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Өтпелі жобалар бойынша биылғы жылдың 1 қарашасына жоспарланған 9,6 миллиард теңгенің 7,8 миллиард теңгесі игерілген.