Түркістан қаласында «Жасыл белдеу» жобасы аясында ағаш көшеттері отырғызылуда

Oinet.kz 16-10-2024 22

Өңірдің экологиялықахуалын жақсарту мақсатында Түркістан облысында қолға алынған жұмыстар көп. Соның бірі Президент тапсырмасымен қолға алынған «Жасыл белдеу» жобасы.

Screenshot_32.jpg

Жалпы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға пәрмен беріп отыр. Осы ретте Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» қалыптастыру ісі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бері іске асырылып келеді.  Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, аймақта облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрақты бақылауының нәтижесінде бүгінге дейін 28 335 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылып, 17 019 гектар аумаққа ағаш көшеттері отырғызылған. 

- Мемлекет басшысы Жолдауында табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін  орман алқаптарын сақтап қалуды тапсырды. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Сондықтан бүгінгі күні облыс аудандары мен Түркістан қаласында көріктендіру, көгеріштендіру, санитарлық тазалық айлығы аясында тал-дарақтар отырғызу жүмыстары өз жалғасын табуда. Мәселен, Түркістан қаласында «Жасыл Түркістан» мекемесінің бастамасымен 4 633 түп тал көшеті отырғызылды. Көшеттер қаладағы Абылай хан гүлзары, Балтакөл тас жолы бойы, Отырар шағын  ауданы мен Орталық мешіт маңына орналастырылды. Онда қарағаш, сафора және шынар ағаштары отырғызылған. Аталған жұмыстарға «Жасыл Түркістан» мекемесінен 40-50 жұмысшы жұмылдырылған.

Сонымен қатар, мердігер мекемелер тарапынан қосымша 22 450 қарағаш және өрік тал көшеттері отырғызылды. Бұл көшеттер Руханият саябағы, Кентау тас жолы, Әуежай жолы, Дендросаябақ, Қазыбек би аллеясы, Керей хан гүлзары аумағында отырғызылған. Жалпы қалада күзгі маусымға 50 мыңға жуық көшет отырғызылды, - дейді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда әуежай бағытындағы жолдың бойы жаңа көшеттермен толықтырылуда. Мұнда 252 гектар жер толықтай тамшылатып суғару жүйесіне қосылған.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің айтуынша, топырақ құнарын арттыру үшін минералды және органикалық тыңайтқыштар қолданылып, ағаштардың өсіуіне және жерсінуін арттыруға жағдай жасалған.

«Көшеттердің тек саны мен сапасына ғана емес, оның отырғызылуына да мән беру керек. Тереңдігі, тамырының орналасуы, барлығы бақылауда болуы тиіс. Қадап кеткен ағаш қармана береді деген ойдан арылу қажет. Ауа райының ерекшелігін есепке алып,  ағаштардың жерсіну көрсеткішін көтеруге күш салу қажет», дейді облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков. 

Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған жұмыс көп
Созақ ауданында коммуналдық техникалар жаңартылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу