Созақ ауданында коммуналдық техникалар жаңартылуда
Мемлекет басшысы Жолдауында «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп өңірлердегі экологиялық жақсартуға елдің көңілін аударды.
Бүгінгі күні шалғай аудан болса да Созақ ауданында жыл санап қоғамдық көліктермен қатар көше тазалайтын техника саны да артуда. Жалпы аудан орталығындағы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Созақ сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында ондаған техника болса, бүгінде оның 30 пайызы жаңартылған. Кеше техника саны тағы бірнеше техникаға жаңарды.
Созақ аудандық әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, жыл соңына дейін ауданға қажетті жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар жеткізу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, «Созақ сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансына LONKING доңғалақты тиегіш, Shacman 6x4 аударғыш жүк машинасы, DongFeng негізіндегі ассенизатор, Шынжыр табанды Shantui бульдозер, КАМАЗ 65115 аралас жол машинасы (суару, жуу, қар тазалағыш), сондай-ақ КАМАЗ-43253 қоқыс тасығыш және CAMAZ 53605 артқы жүк көлігі мен тиегіш экскаватор алынбақ. Бұл жаңашылдықтар ауданның инфрақұрылымын жақсартуға және коммуналдық қызметтерді тиімді көрсетуге мүмкіндік береді.
– «Созақ сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде аудан орталығының абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Айталық, мекеме тарапынан аудандағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан бірер жылдың бедерінде мекемені жаңа техникалармен қамтамасыз ету қолға алынды. Соның нәтижесінде былтыр мекемеге бір-екі техника берілсе, енді биыл 5 техникамен толығып отыр, – дейді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Сонымен бірге, барлық 12 кент және ауылдық округтерге Беларус-922,3 маркалы тракторлар жүк салғыш және жетегімен қоса жеткізіліп, «Шолаққорған-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қажетті JCB 3CX маркалы тиегіш экскаватор, жүк көтергіш машина мен тазартқыш ассенизатор машинасы да алынатын болды. Сонымен қатар, тасымалдауға арналған Газел Next автокөлігі мен тізбекті экскаватор да ауданның шаруашылық жұмыстарына қолдау көрсетеді деп жоспарлануда.
- Трезидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына бұл көліктер де өз үлесін қосатын болады. Алынған техникалардың майын уақытылы ауыстыру, техникалық байқаудан мерзімінде өткізу ісін қадағалау бас механиктің тікелей міндеті. Бұл көліктер кемі 10 жыл аудан тұрғындарына қызмет етуі керек. Созақтықтар жаңа техниканың арқасында тазалық сапасы артқанын сезінуі қажет. Сондай-ақ ауданды кешенді дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында да бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Бірқатар ауылдық округтерде жабық үлгідегі кіші футбол алаңы мен мал тоғытуға арналған нысандар салу үшін сметалық құжаттамалар әзірленіп, 100 пайызға көше жарықшамдарымен қамту жұмысы да қолға алынып отыр. Біздің басты мақсатымыз – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті басқарудың тиімділігін күшейту. Қыс айларында жолды қардан тазалап, қоқыстарды уақтылы шығару. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, әрбір азаматтың қажеттіліктерін ескеріп, бірге даму жолында аянбай еңбек етеміз, – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.