Сауран ауданда 9 айда 21 жоба іске қосылған

Oinet.kz 20-10-2024 20

Сауран ауданыны инвестиция тарту бойынша Түркістан облысында алдыңғы орында келе жатқан ауданның бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – маңызды міндет екенін атап айтқан болатын. 

Screenshot_42.jpg

Осы бағытта атқарылған жұмыстар Сауран ауданының артықшылығы болып отыр. 

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, осы жылдың 9 айында ауданға 42,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 21 жоба іске қосылған. Оның 12-і өңдеу өнеркәсібі бағытында болса, 9 жоба әлеуметтік салаға бағытталған. 

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың міндеті» деп атап өткеніндей, ауданда өндіріс орнын ашып, халықты жұмыспен қамтимын деген инвесторлармен қашанда біз жұмыс істеуге дайынбыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында да бірлесе жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 миллиард теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылығы саласына инвестициялық құны 116,1 миллиард теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 миллиард теңгені құрайтын 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, осы жылдың 9 айында ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,6 пайызға артқан. Өңірлік өнімнің 75 пайызы – ауыл шаруашылығы, 11,6 пайызы – өнеркәсіп, 10,3 пайызы – құрылыс және 3,1 пайызы -  сауда саласының үлесінде, - деді Мақсат Асылбекұлы. 

Бұдан бөлек, ауданда индустриалды аймақты дамытуға бағытталған жобалар аз емес. Мәселен, аудан әкімінің айтуынша, осы және алдағы екі жылда ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар. 

Сонымен қатар, ауданда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 3 қабатты 24 пәтерлі жалпы саны 16 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін 48 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Коммуналдық сала бойынша, жыл басынан бері ауданда 10 елді мекенге табиғи газ тартылып, газбен қамту үлесі 43,3 пайызды құраған. Биыл Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбырын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Бұдан бөлек, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 31 ішкі көшеге, яғни 39,4 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар аяқталғанда елді мекен жолдарының жақсы және қанағатты жағдайы70 пайызға жетпек. 

Түркістан облысында зиянкестермен күрес алдағы жылы 9 ауданда өткізіледі
Сайрам ауданында инвесторлар жаңа тұрғын алқабын салуға үлес қосатын болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу