Сайрам ауданында инвесторлар жаңа тұрғын алқабын салуға үлес қосатын болды
Бүгінгі күні инвесторлардың күшімен салынып жатқан нысандар Түркістан облысында аз емес. Құрылыс нысанын салуға ниет танытқан инвесторлар Сайрам ауданында да баршылық.
Кеше Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиевтің төрағалығымен Қарасу ауылындағы 57 гектар аумақтағы 5 қабатты тұрғын үйлерді салуға ниет білдірген жеке инвесторлармен кездесуті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілетінін айтты. Сондай-ақ инвесторлар ел азаматы ретінде жұмыс істеп отырған аймақтағы халықтың рухани-мәдени дамуына үлес қосуға тиіс екенін ескертті. «Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады» дей отырып, Президентіміз инвесторлардың қайырымды істерден тыс қалмауға үндеді. Жалпы біздің ауданда жұмыс істеп жатқан инвесторлардың дені тұрғын үй салумен шектеліп қалмай, балалар ойын алаңдарын, спорт кешендері мен жаяу жүргінші жолдарын төсеп, басқа да қайырымды істерден шет қалмауда. Осындай азаматтық істер инвесторлар тарапынан алда да жасалады деген сенімдеміз, - дей келіп, аудан әкімінің орынбасары негізгі жұмысқа ойысты.
Ол жиынға инвесторлармен қатар аудандық мемлекеттік органдар мен дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Мадияр Мұхтарұлы өз сөзінде Сайрам ауданының инвестициялық әлеуетіне тоқталып, бүгінгі жоба назардан тыс қалмайтынын және қолдау көрсетілетінін айтты.
Кеңейтілген мәжілісте аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алибжан Ибрагимов Қарасу ауылындағы 57 гектар аумақта салынатын құрылыс нысандарына қатысты жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, бес қабатты 49 көпқабатты тұрғын үй, 280 орындық балабақша, 1200 орындық мектеп, 250 орындық поликлиника мәдениет үйі мен «Жастар» сарайы, мешіт бой көтермек. Сондай-ақ, нысандардың инфрақұрылым жүйелерін 2025-2026 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
Жиын барысында қос тарап аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстар мен басты міндеттерді талқылады. Жеке инвесторлар өз кезегінде құрылыс жұмыстарына қатысты жауапкершіліктер бойынша бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.