Қазығұрт ауданы Жігерген ауыл округінде атқарылған жұмыс көп
Ауыл әкімдерінің халық алдында есеп беру жиындары жалғасын табуда. Кеше Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Жігерген ауыл округі, Қызылбұлақ елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдаманы іске асырып, халықпен жақын байланыста жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ Президентіміз «Аймақ басшысы шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы» деп атап өткендей, бүгінгі күні ауданда атқарылған жұмыс ауқымы көп. Ол игі істердің бірқатары Жігерген ауыл округінде де жүзеге асырылды, - деген аудан әкімі, өткен тоғыз айдың қорытындысына тоқталды.
Жалпы кездесу барысында аудан әкімі бірінші жартыжылдықтағы кездесуде көтерілген өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы қысқаша баяндап өтті. Атап айтқанда, Диқан елді мекеніндегі КХ-44 облыстық маңызы бар авто жолды кесіп өтетін ағын су арығының арнасына үлкен құбыр қою мәселесі бойынша, 2023-2024 жылдары өтпелі кезеңмен 1 миллиард теңгеге «КХ-44 «Жігерген-Көкібел» облыстық маңызы бар автомобиль жолын «Алем-Транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орта жөндеуден өткізген. «Осы жолды жөндеу жұмыстары кезінде халықтың өтініші ескеріліп, жолдың 10 тұсынан су ағатын труба қойылды. Сондай-ақ, өзге де өтініштер бойынша Қызылбұлақ елді мекеніндегі Ұя-су және Мошқал баба көшелерінің арасындағы жаяу жүргіншілер көпіріне демеушілер есебінен екі жақтама жақтау орнатылды» дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, Тесіктөбе және Жігерген елді мекендеріне су мұнарасын орнату мәселесі бойынша, қыркүйек айында аудандық бюджет есебінен 6,8 миллион теңге бөлініп, «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын тарапынан Өгемге баратын жолдың бойына су мұнарасы орнатылып, іске қосылған.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған білім саласы, көше жарықтарын орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу, медпункт және интернет байланысын жақсарту мәселелері төңірегіндегі сұрақтарға аудан әкімі Азизхан Исмаилов заң аясында нақты жауап беріп, жол картасына енгізіп, алдағы жылдарға кезең-кезеңімен жоспарға қоятынын айтты. Сондай-ақ, тиісті ауыл округ әкімі мен бөлім басшыларына тапсырмаларын жүктеді.