Түркістанда көлік министрі облыс тұрғындарымен кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көлік-логистика секторын дамытуға басымдық берді.
«Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек» деп атап өткендей, жол құрылысы мен көлік тасымалы жауапты министрлік өз бақылауына алған.
Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары халықпен тұрақты кездесу ұйымдастырып келеді. Осы ретте, кешегі күні Қазақстан Республикасы Көлік министрі Марат Қарабаев Түркістан облысына арнайы іссапармен келіп, өңір тұрғындарымен кездесті.
Ол басқосуда автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берілді. Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркістан өңірінде жол саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл облыс бойынша 202 нысан немесе 1068,4 шақырым жол мен көшелер жөнделуде. Жыл қорытындысымен 135 нысан немесе 611,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолы пайдалануға беру көзделген. Сондай-ақ облыста 5 автовокзал, 20 автобекет және 18 жолаушыларға қызмет көрсету пункті жұмыс істеп тұр. Қазіргі уакытта әуежай 3 халықаралық және 6 республикаішілік рейстерге қызмет көрсетуде екен.
Ал министр өз кезегінде кездесуде республика көлемінде атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылатын бастамалар туралы бағдарымен бөлісті. Сондай-ақ Марат Карімжанұлы облысымызға жасаған алдыңғы сапары кезінде тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға байланысты атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Еркін форматта өткен кездесуде түркістандықтар толғандырған маселелерін көтеріп, министрден кемек сұрады. Мәселен, бірнеше кәсіпкер Түркістан қаласында заңсыз автотұрақтардың көбейіп кеткенін қынжыла жеткізді. Мәселен, автовокзал қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп тұрған келік жүргізушілері жолаушыларды алып кетіп, автовокзалдың жұмысын қиындатып жатқанын айтты. Автовокзал қызметкерлері аталған мәселе бойынша бірнеше жылдан бері облыстық және қалалық әкімдіктерге, сондай-ақ полицияға шағымданып келе жатқанын, бірақ ешқандай шара қолданылмағанын жеткізді. Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілер Тараз, Алматы, Шымкент қалаларына және Түркістан облысының аудандарына жолаушылар жинайды екен.
- Бұл мәселе бізге жақсы таныс. Бұл мәселемен, жалпы министрлік заңсыз жолаушы тасымалдау мәселесімен бірнеше жылдан бері күресіп келеді. Бұл жерде қауіп тек бизнеске ғана емес, адам өміріне де төнеді. Заңсыз ұйымдастырылған тасымалдау қызметтері қауіпті. Себебі ешкім техникалық жағдайды тексермейді, жүргізушінің денсаулығы мен жағдайына мән берілмейді. Олар жолға шығып, жылдамдықты арттырып, адам өміріне қауіп төндіреді, - деді министр.
Сонымен қатар автовокзал өкілдері жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға бөгде ұйымдардың кедергі келтіріп отырғанын айтты. Олар бірнеше жылдан бері күту залына «Kaspi» және «Halyk» банктерінің банкоматтарын орнатуды сұраған. Бірақ банктер белгісіз себептермен келісім бермеген. Осыдан кейін жолаушылар жақын орналасқан жанармай бекетіне баруға мәжбүр болады. Ал қайтып келгенде заңсыз тасымалдаушылар оларды «алып кетеді».
- Сіздердің қойған сауалдарыңыз, көтерген мәселелеріңіз орында. Біз сіздер көтерген мәселені шешуге тырысамыз. Ал банктерге банкомат орнатуды сұрауға ықпал ете аламыз. Бірақ сіздерге де қызмет сапасын арттыру қажет. Тек бірнеше қалада ғана сапалы ұйымдастырылған автовокзал қызметін көрдім. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау керек. Оларды қызметті пайдалануға ынталандыру қажет, - деді министр Марат Қарабаев.
Қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын басқа да тасымалдаушылар заңсыз автотұрақтардың кесірінен жолаушылардың саны азайып бара жатқанын айтты. Министр онлайн платформалардың артықшылығын мойындап, қазіргі заман талаптарына сәйкес жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Министр алдағы жылдан бастап үлкен жолда жүретін көлік жүргізушілеріне арналған жаңа заңнама әзірленіп жатқанын жеткізді. Межеленген уақыт пен жылдамдыққа бағынбағандар осы өрекеті үшін жауап бермек.
- Президентіміз өз Жолдауында цифрландыру жүйесін бұдан әрі дамытуды тапсырып отыр. Бүгінгі күні көп ел азаматтары қазір цифрландыру жүйесін дұрыс көреді. Соның ішінде ел азаматтары «InDrive» немесе «Яндекс Go» сияқты қызметтерді терді қолайлы деп санайды, демек, олар бәсекеде озып тұр. Министрлік оларға бақылау жүргізіп, талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Мысалы, такси қызметінде қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап оң жақ рульді көліктермен жолаушы тасымалдауға тыйым салынады. Бұл шешім жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз, - деп түсіндірді министр.
Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл шектеу тек оң жақты рульді көліктерге ғана емес, сондай-ақ оң рульден сол рульге қайта жабдықталған көліктерге де қатысты болады. Министрліктің негізгі бастамаларының ішінде жол құрылысының стандарттарын қайта қарау, жолдардың қауіпсіздігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету, апаттылықты азайту және жол қозғалысын бақылау үшін интеллектуалды жүйелерді енгізу де бар.
Жиын соңында Марат Кәрімжанұлы тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, министрліктің сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.