Төлеби ауданында жыл соңына дейін инвесторлар салған екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Үкіметке және жергілікті аймақ басшылары мен аудан әкімдеріне инфрақұрылымға байланысты өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.
Сөйтіп, жарық, жылу, таза ауыз су мен табиғи отын, жол-логистикасы және жаңа тұрғын алқаптарын инфрақұрылыммен қамтуға баса көңіл бөлінді. Бүгінгі күні Түркістан облысының Төлеби ауданында осы бағыттағы жұмыстар ауданның бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, бүгінгі күні Президент тапсырған инфрақұрылымға қатысты мәселелер ауданда оң шешімін табуда. Ал жаңа бой көтеріп жатқан тұрғын алқаптарда тұрғын үй кезегіне тұрғандар саны жылсанап арта түскен. Бүгінгі күні 5000-нан астам адам баспана кезегіне тіркелген.
- Президентіміз баспана мәселесіне үнемі көңіл аударып, ол бағытта жаңа бағдарламалар мен жобаларға қолдау көрсетіп келеді. «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы бағытта Төлеби ауданында ілгерілеу бар. Жалпы тұрғындарды баспанамен қамту бағытында тәуелсіздік алған жылдардан бері қаладағы І шағын ауданда 23 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Биыл тұрғындарды арендалық үймен қамту жұмысы жалғасын тауып, Қапал батыр көшесі бойында 5 қабатты көппәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, - дейді аудан басшысы.
Мұндағы, атап айтқанда Қапал батыр көшесіндегі екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын «Vek Stroy Com» мен «МОЛШЫЛЫҚ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. Ал, инвесторлар «Тау Бетон» мен «Ынтымақ-ОК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 120 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап тапсыруды жоспарлап отыр екен.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов тұрғын үй алаңдарына барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдеріне үйлердің құрылысы сапалы әрі уақтылы аяқталуы тиістігін ескертті. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың құрылыс жұмыстарының аяқталуын күтіп отырғанын айтып, жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Көпқабатты тұрғын үй аулаларында абаттандыру жұмыстарын сапалы орындау қажеттігін де әкімнің назарынан тыс қалмады.