Түркітан облысында биыл 2590 пәтерлі арендалық үй сатып алу жоспарланған
Құрылыс саласы қашанда басымдыққа ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.
Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін еске салды. Осы топтағы азаматтарды қолдау мақсатында бүгінде Түркістан облысында көптеген жобалар қолға алынған. Осы ретте көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап арендалық көпқабатты тұрғын үйлер жеке инвесторлар мен арнайы жобалар арқылы көптеп салынуда.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, Түркістан облысында тұрғындарды арендалық үймен қамту жұмысы жоспарға сәйкес жалғасын табуда. Биылғы жоспар бойынша облыс көлемінде 2590 пәтерлі арендалық көпқабатты тұрғын үйлерді сатып алуға 47,5 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға облыс бойынша 191 мың шаршы метрден асатын 247 көпқабатты тұрғын үй сатып алу көзделген.
- Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды арендалық тұрғын үйен қамту билік назарында. Жуырда Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте тұрғын үйлердің құрылыс барысы пысықталып, ондағы мәселелер жан-жақты талқыланған болатын. Аймақ басшысы жұмысты дұрыс үйлестіре алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына және мердігерлерге сын-ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды. Облыс әкімі өз кезегінде жауаптыларға «тұрғын үйлердің құрылысы сапалы әрі уақтылы аяқталуы тиіс. Мен жұмыстарды қысқа дейін бітіруді тапсырғанмын. Бюджет қаржысын тиімді игеріп, үйлерді жыл соңына дейін толық тапсырыңыздар. Бұл үйлерді ел күтіп отыр. Талай тұрғын үй кезегінде тұр. Сондықтан жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Үйлердің қасбетін бір үлгіде жасау мәселесі назардан түспеуі тиіс. Абаттандыру жұмыстарын да сапалы орындау қажет» деп тапсырма берді.
Жалпы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында белгіленген жоспарға сәйкем қазіргі таңда Түркістан қаласында 20 үй, жалпы 1716 пәтердің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 16 үйді (1376 пәтер) жыл соңына дейін сатып алу жоспарланған. Шаһардағы 4 үй (340 пәтер) 2025 жылға өтпелі, - дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрханов.
Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары Түркістан облысының 12 ауданда 882 пәтер пәтерден тұратын көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Негізгі жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары 80 пайызға атқарылған. Абай Тұрхановтың айтуынша, 3 ауданда 88 пәтерден тұратын 4 үйдің құрылыс кестеден қалып қойған. Атап айтқанда, Бәйдібек, Сайрам және Сауран аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары кестеден кешігіп жүргізіліп келеді. «Аталған аудандардың әкімдеріне облыс әкімі тарапынан тиісті сын-ескертпе айтылып, жұмысты ширату тапсырылды. Сондай-ақ құрылыс алаңында жұмысшы санын арттырып, құрылысты екі ауысымда ұйымдастыру міндеттелді. Сондай-ақ бүгінгі күні бюджеттен 935 пәтер сатып алынып отыр. Мәселен, арендалық баспана ретінде Жетісай ауданында – 2, Қазығұртта – 16, Мақтааралда – 43, Ордабасында – 12, Созақта – 24, Шардарада – 24, Кентау қаласында – 30, Түркістан қаласында – 768, Сауран ауданында – 16 пәтер алынған. Жоспарға сәйкес қараша айында 616 пәтер, ал желтоқсан айында 1039 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл нысандардың құрылысы бүгінгі таңда қатаң бақылауға алынған», - дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрханов.