Төлеби ауданындағы орталықта ардагерлер мен мүгедектерге барлық жағдай жасалған
Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік салаға да басымдық берілген. Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін алға тарта отырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың назардан тыс қалып кетпеуін бақылауды тапсырды.
Бұл талап Төлеби ауданында талапқа сай орындалуда. Атап айтар болсақ, Төлеби ауданында «Жарқын өмір және тең қоғам» атты ардагерлер мен мүгедектігі бар адамдарға арналған орталық шілде айынан бастап жұмыс істеп келеді.
Кеше Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов «Жарқын өмір және тең қоғам» мекемесінің жұмысымен арнайы барып танысты. Ауданның 18 жастан жоғары мүгедектігі бар азаматтар мен зейнет жасындағы қарттарға орталықта дәрігердің нұсқаулығымен тұз шахта және массаж бөлмесі, еңбек және физиотерапия, сенсорлық бөлмелері қызмет көрсетеді.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, ардагерлер мен мүгедектігі бар адамдарға арналған орталық биылғы жылдың шілде айында іске қосылған. Орталықта мүгедектігі бар жандарға қажетті әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп, психологиялық қолдау бағытында кеңес беріледі. Массаж, йога орталығы, емдік спорттық дене шынықтыру, көңіл сергіту шаралары қарастырылған. Бұған қоса, зейнеткерлердің тынығып демалуы үшін рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мекеме ғимаратында ардагерлердің бильярд ойнап, өзара пікір алмасуына арнайы орындар қарастырылған.
Аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы орталыққа келіп емдік шаралар қабылдап жүрген ардагерлермен тілдесіп, өзара пікір алмасты. Орталыққа келіп, оның қызметін күнделікті алып жүрген қала тұрғыны 73 жастағы Лия Юрьевна өзінің орталыққа Новостроевка елді мекенінен арнайы келіп, таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін денсаулығын түзеуге қажетті барлық шараларды қабылдайтынын айтты. Ол өз сөзінде қызмет көрсетуші мамандарға, мекеменің ашылуына мұрындық болған жандарға алғысын білдірді.
- Төлеби ауданы, Ленгір қаласында туып өстім. Шет елдерге жиі саяхаттаймын. Аудан орталығының абаттанып, гүлденіп, көркейе түсуіне шын жүректен қуаныштымын. Қаланың тазалығы да көңіл қуантады, - деді қария.
Орталыққа келушілер өздерін толғандырған сұрақтарын да қойды. Ленгір қаласындағы Қ.Ешенқұлов көшесі бойындағы жолаушыларға арналған баспалдақты реттеп, түнгі жарық шамдарын орнатуды өтінді орталыққа келіп жүрген ардагерлер. Бірінші Мамыр ауылдық округінен келген аналар аудан басшысының ел игілігі жолындағы қызметіне сәттілік тілеп, ақжарма тілектерін арнады.
Орталық жұмысымен танысып, ардагерлермен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтармен еркін форматта пікір-алмасқан аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы қазыналы қарияларға денсаулықтарын түзеп, жүз жасқа жете берулерін тілектес екенін жеткізді. Ал орталықтың жұмысына оң бағасын берді.