Түркістан облысында өндіріске инвестиция салуға ниетті инвесторларға қолдау көп

Oinet.kz 24-10-2024 21

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында аймақ басшыларына өңірлерде инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеуді тапсырды. 

Screenshot_55.jpg

Президент тапсырмасына орай Түркістан өңірінде кәсіп ашқысы келетін инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Облысқа инвесторларды тарту Түркістан облысы әкімдігінің күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі. Кеше облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті инвестициялық штаб отырысын өткізіп, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашатын кәсіпкерлермен жоба барысын жан-жақты талқылаған болатын. Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң. Әкім энергетика саласы, сүт өңдеу зауыты, тігін фабрикасы, медициналық бұйымдар өндірісі, мал бордақылау алаңы, кір жуатын ұнтақ, тұрмыстық химия өндірісін қолға алған инвесторлармен жұмыс барысын пысықтады. 

Бүгінгі таңда Түркістан облысында кәсіпкерлер саны жыл санап артып келеді. Жыл басынан бері кәсіпкерлер саны 2 мыңға артып, бүгінде 208 мыңды құраған. Аталған салада 282 мың адам жұмыспен қамтылған. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен өңірде жалпы құны 1,1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, қазіргі уақытта текстиль кластерін құру және алюминий бұйымдарын шығару зауыты инвестициялық жобаларының құрылысы басталып кеткен. Жалпы Түркістан қаласына инвестиция салуға ниетті инвесторлар қатары соңғы жылдары артып отырғаны белгілі. 

Инвестициялық штаб отырысында өңір басшысы тиісті басқарма басшылары мен аудан және қала әкімдерінің бұл бағыттағы жұмысты ширату керектігі айтылды. «Қағазбастылық дегенді доғару қажет. Инвесторлардың түрлі кедергілерге тап болуына жол берілмеу керек. Ол үшін әр әкім, басқарма басшылары тікелей жауапты екенін ескертемін. Әр инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы қатаң бақылауда. Ешқандай тежеу болмауы керек. Электр энергиясы, газ бойынша мәселе туындаған жағдайда, шұғыл әрекет етіп, шешу қажет. Оны созбалаңға салудың өзі – сын. Аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласына басымдық беріледі. Тапсырма берілгенін күтіп отырмай, бастама көтеріп, дербес жұмыс істей біліңіздер», – деді Дархан Сатыбалды. 

Сондай-ақ аймақ басшысы инвестициялық штаб отырысында  таныстырылған жаңа жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды. 

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан облысында өндірісті дамыту бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл жалпы құны 136 миллиард теңгені құрайтын 56 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Бүгінге күні 31 инвестициялық жоба іске қосылған. 

- Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыруына ықпал ететіні айтылды. Облыс әкімі инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды жоюдың маңыздылығын атап өтті. Құрылысы жүріп жатқан зауыт, фабрикалардың маңыздылығы мен тиімділігін ескертіп, осы мақсатта жауапты тұлғаларға инфрақұрылым тартуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда инвесторларға көптеген жеңілдіктер қаралған.  

Атап айтар болсақ, импорттан тәуелділікті азайту үшін, Өндірістік паркте мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын ғимарат ұсынылады. Өндірістік кешенде 39 ғимарат бой көтеруде. 10 кәсіпорын іске қосылды. Бұдан бөлек, өңірде 13 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ бар. Онда жұмыс бастап жатқан кәсіпорындар салықтан босатылады. Кедендік жеңілдіктер қарастырылған, инфрақұрылымы бар. Жалпы арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда 53 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ 139,4 миллиард теңгеге 29 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, - дейді облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Төлеби ауданындағы орталықта ардагерлер мен мүгедектерге барлық жағдай жасалған
Арыс қаласында шаһар басшысының жұмысына оң баға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу