Арыс қаласында инфрақұрылым саласында серпінді жобалар іске асырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында инфрақұрылым жүйесін жаңғырту, газдандыру мен әлеуметтік салаларға ерекше назар аударған болатын.
Соның бірі – көмірмен жұмыс істейтін қазандықтарды табиғи газға ауыстыру. Биыл Арыс қаласында бұл бағытта атқарылған жұмыс көп.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, бұрынғы орталық қазандықтар көмірмен жұмыс істеп, қала ауасын ластайтын әрі шығыны да аз емес болатын. Сондықтан да өткен ғасырда пайдалануға берілген, көмірмен жылытылатын орталық қазандықтар биыл табиғи газбен жұмыс жасайтын модульдік қазандықтарға ауыстырылған.
- Президентіміз Жолдауында «Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн» деп айтқан тапсырмасы Арыс қаласында шаһардың бас жоспарына сай ауыстырылуда. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұған дейінгі көмірмен жанатын қазандықтар қала ауасына айтарлықтай зиян келтіріп, экологиялық жағдайға кері әсер тигізетін. Жаңа модульдік қазандықтардың артықшылығы – олардың экономикалық тиімділігі мен экологиялық тазалығында. Табиғи газбен жұмыс істейтін бұл қазандықтар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам, - деді Гүлжан Мамытқызы.
Жалпы қала әкімінің бұл жаңалығын шаһар тұрғындарымен болған кездесуде қала тұрғындары жылы қабылдап, өз ризашылықтарын білдірді. Әкімнің жаңа модульдік қазандықтардың артықшылықтары туралы хабарламасына қала тұрғындары қолдау көрсетіп, қаланың экологиясы мен өмір сапасының жақсаруына бағытталған бастаманы жоғары бағалады. Бұл өзгерістерге деген тұрғындардың оң көзқарасы Арыс қаласының болашағына деген сенімдерін нығайта түскені анық.
Бұдан басқа да инфрақұрылымға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бігінгі күні Арыс қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жүзеге асырылуда. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова халықпен кездесуде қала мен ауылдарда жолдарды жөндеу, ауызсу сапасын арттыру, табиғи газбен қамту, жылу жүйесін жаңғырту, және көшелерді жарықтандыру сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айттылған болатын. Бір атап өтерлігі, барлық атқарылған істердің жүйелі жоспарларнуы тұрғындардың сұранысын ескеруге негізделген.
- Коммуналдық саланы жаңғырту күн тәртібінен түспейтін мәселе. Біз қала көшелері мен ауылдарға жол салу, жарықтандыру мәселесі бойынша арнайы жоспар жасадық. Соған сәйкес, қаржы мүмкіндігіне қарай жыл сайын жолдар мен ауыз су, электр жарығы сынды мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеміз, - деді қала әкімі.
Халық үшін аса маңызды таза ауыз сумен қамту жайы жыл өткен сайын қалада оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе төңірегіндегі жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Мәселен Арыс қаласындағы Саяжай – 1,2,3 тұрғын аудандарында ауыз су жүйесінің құрылысы, Көктем – 1, 2 тұрғын ауданында су мұнарасы мен су сорғы станциясының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып халық игілігіне берілген.
Сондай-ақ Тоғансай, Жосалы, Бұлақты, Дарбаза елді мекендеріне таза ауыз су жүйесі жаңадан жүргізілген. Игі істер Ақтас пен Шағыр елді мекендерінде де атқарылуда. Мұнда бүгінгі таңда ауыз су жүйесі құрылысы қызу жүргізілуде, жыл соңына дейін пайдалануға берілмекші.
- Жол салу – жоспармен жүргізіледі. Биыл, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 елді мекенге жалпы ұзындығы 9,3 шақырым құрайтын 13 көшеге асфальт жол салынды. Бұдан бөлек, облыстық жол басқармасы тарапынан Арыс қаласына кіре-беріс аркадан бастап қалаға дейін жалпы ұзындығы 7 шақырым жолды жарықтандыру жұмыстары басталды, - дейді қала әкімі Гүлжан Құрманбекова.