Арыс қаласында әлеуметтік саланың әлеуеті артып келеді
Президент Жолдауынан мәдениет пен бұқаралық спортты дамытуға өз деңгейінде көңіл бөлініп отыр. Биыл елімізде өткізілген бесінші «Көшпенділер ойыны» біздің мәдениетіміз бен ұлттық ойындарға жасалған қамқорлық деп білеміз.
Ал Арыс қаласында қала мен оған қарасты елді мекендердегі мәдени ақуалды, бұқаралық спортты дамыту мақсатында қолға алынған жобалар да жетерлік. Соңғы жылдары қала аумағында Мәдениет үйі, кітапханалар мен спорт кешендері көптеп салынуда. Бұл өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстанып, білімдерін аттыруға бағытталған нақты қадам.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, өткен жылы ауыл тарихында ауыл клубы мен кітапханасы болмаған Жиделі мен Ақдала ауылдарында 120 және 240 орындық Мәдениет үйі мен кітапхана комплексі ашылса, биыл Қожатоғай елді мекенінде көпсалалы Спорт залы халық игілігіне берілген.
- Президентіміз халыққа арнаған биылғы Жолдауында «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» дей келіп, бұл салаға көптің көңілін аударғаны белгілі. Осы мақсатты жүзеге асыру мақсатында биыл Ақдала ауылында жаңадан Спорт зал кешенінің құрылысы басталды. Сәтін салса келесі жылы Байырқұм ауылынан жаңа спорт зал нысанын салуды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық спорт пен өнерлі өрендердің талантын шыңдауға бағытталған жұмыстар жалғаса береді. Алдағы уақытта барлық ауылда дәл осындай жаңа спорт зал кешені құрылысы жүргізу жоспарлануда, - дейді қала басшысы.
Сондай-ақ қала басшысы әскери қалашықта тұратын тұрғындар үшінде жақсы жаңалықтың барын айтты. Оның айтуынша Әскери қалашықтағы ескі мектеп пен клубты сенімгерлік басқаруға беріп, демеушілер есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мектеп, балабақша, кинотеатрға ауыстырып қайта ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, демеушілер есебінен қалада заманауи спорт комплексі кешенін салу көделген.
Жалпы, мәдениет пен спорт саласында қалада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні қала мен ауылдарда халыққа 25 мәдениет пен 7 спорт нысаны қызмет көрсетуде.