Қазығұрт ауданында ауыз су жүйелері жаңғыртылып, көшелер жарықтандырылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында аудан әкімдерінің есеп беруі жалғасуда.
Кеше Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аудан орталығында қорытынды есебін берді. Ол кездесу Қазығұрт ауыл округінде өтті.
Кездесуде аудан әкімі Азизхан Исмаилов бүгінге дейін атқарылған жұмыс барысымен таныстырып, алдыңғы есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан айтылған өтініштердің орындалу барысына тоқталды.
- Президенттің Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау барысында аудан тұрғындары тарапынан түскен бірде-бір өтініш назардан тыс қалған жоқ. Кейбір мәселелер өткен жиында сол сәтте шешімін тапса, келес күрделі мәселелер біздің бақылауымызға алынған еді. Міне, бүгінгі күні олардың да оң шешімін тауып отырғандары бар. Атап айтқанда, Қазығұрт ауылы округіндегі әлеуметтік маңызды нысандар орналасқан көшелерге жарықтандыру жұмыстарын жүргізілді. Ол шаруаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 43,3 миллион теңге бөлінді. Сөйтіп «Ақ Мол Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Қазығұрт ауылындағы О.Жандосов, Қ.Тұрсынқұлов және Қ.Сатбаев мектептеріне баратын көшелерге көше жарықтары орнатылды, - дейді аудан басшысы.
Бұдан бөлек, Ащыбұлақ ауылына Молбұлақ елді мекеніндегі су ұңғымасынан таза ауызсу кедергісіз жеткізілуде. Мұндағы ауылдарды тәулік бойы таза ауыз сумен қамту мақсатында «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны биыл су ұңғымасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіп, су қоймаларын жеткілікті мөлшерде сумен қамтылуын жолға қойған. Сондай-ақ Кезеңбұлақ елді мекеніндегі таза ауыз су сапасын жақсарту бойынша да құрылыс жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі күні «Оңтүстік Энергостройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазығұрт елді мекеніндегі таза ауыз су жүйесі осы айда іске қоспақ. Ал құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін Кезеңбұлақтағы таза ауыз судың да сапасы жақсара түспек. Сонымен қатар, халық сұранысына сәйкес Д.Қонаев көшесі бойынан қоғамдық көліктерге арналған 23 аялдама салынып, пайдалануға берілген. Бұл жұмысты «Мега Экспрес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талапқа сай орындап шыққан. Жол құрылысы бойынша айтсақ, Ащыбұлақ және Молбұлақ елді мекендерін қосатын 1,2 шақырым жолды орта жөндеуден өткізу мақсатында ведомстволық сараптама қорытындысы дайындалып, оның жобалық-сметалық құны 34,8 миллион теңгені құрады. Бұл нысанның құрылысын жүргізу үшін 2025 жылдың бюджетіне қаржы бөлуге ұсыныс берілген.
Халықпен кездесу барысында аудан әкімі Азизхан Азимханұлы биылғы елімізде орын алған табиғи апат салдарынан бюджет қаржысы сол бағытқа қарай басымдық бергенін тілге тиек етіп, бірқатар істердің алдағы жылдың еншісіне қалғанын ескертті. Ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдардың баршасына нақты жауап беріп, түсіністікпен, ынтымақпен және сабырмен бірге жұмыс жасауға шақырды. Жиын барысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды алдағы жұмыс жоспарына енгізіп, кезегімен шешімін табу жолдарын қарастыруға уәде етті.
Жиын барысында Қазығұрт ауданының тазалығына жауапты «Асыл» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Дархан Рахманқұлов қосымша баяндама жасап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспары жайлы айтып өтті. Сондай-ақ, барша тұрғындарды ауданның тазалығы жолында бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.
Жиын қорытындысында сөз алған ауыл ақсақалдары мен тұрғындары аудан әкімінің 9 айда атқарған жұмысына оң бағасын берді.