Қазығұрт ауданының әкімі Шарбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Шарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбастау елді мекеніне арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Аудан әкімінің айтуынша, Шарбұлақ елді мекенінде 300 орындық жаңа мектеп салу үшін биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Нысан 2025 жылға өтпелі. Жаңа білім ошағының құрылыс жұмыстарын жүргізу «SHEBERBUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Жалпы білім саласына қатысты республикамызда жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы да өз тиімділігін көрсетуде. Одан бөлек, республика және облыс бюджеті мүмкіндігіне қарай білім ошақтары өңірімізде көптеп салынуда. Соның бірі осы құрылыс жұмыстары жаңа қолға алынған Шарбұлақ елді мекеніндегі 300 орындық білім ошағы. Осы ауылдық округке жасаған жұмыс сапарымда округ әкімдерімен кездесіп, ондағы басқа да мәселелердің оң шешімін табу жолдарын бірге қарап, талдап қайттым. Осылайша Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру барысында бірнеше ауылдық округте жиын өткізіп, халық көтерген бірқатар мәселелер өз шешімін тапты, - дейді аудан әкімі.
Сондай-ақ, округке қарасты Ақбастау елді мекенінің тұрғындары да бүгінге дейін ауылдан типтік мектеп салу мәселесі көтеріліп келген еді. Бұл бойынша аудан әкімі «Ақбастау» негізгі орта мектебіне 150 орындық типтік мектеп ғимаратын салуға сәулет-жосарлау тапсырмасы әзірленіп жатқанын, 2025 жылы жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қарауға облыстық бюджетке ұсынылатынын жеткізді.
Ал, ауыз су мәселесі бойынша ауқымды істер атқарылуда. Атап айтсақ, өткен айда «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпор тарапынан Шарбұлақ елді мекені, А.Молдағұлова көшесіне таза ауыз су жүйесі жүргізілген. Биыл оның құрылыс жұмысына 30 миллион теңгеге бөлініп, Шарбұлақ елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің толық берілуі және жаңадан салынған су ұңғымасы аяқталып, іске қосу жұмыстары атқарылған.
- Президентіміздің Жолдауда аса көңіл бөліп отырғаны көлік-логистикасы. Ауданда бұл бағытта атқарылған жұмыстар жетерлік. Мәселен, жол саласы бойынша 2024 жылы мамыр айында 30,1 миллион теңге бөлініп, «Stroi Potensial RB» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Шарбұлақ елді мекені А.Алпысбаев көшесіне орта жөндеу жүргізіліп, бүгінгі таңға пайдалануға берілді. Аудандық маңызы бар КХ-«Шарбұлақ - Қарабау - Амангелді» - Ақбастау– Қарабау автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу үшін сметалық-жобалық құжаттамасы дайындалып, құны 462,7 миллион теңгені құрады. Ведомстволық сараптама қорытындысы 2024 жылы ақпан айында алынып, салалық басқармаға ұсыныс хат жолданды. 2025 жылы тиісті қаржылар қаралған жағдайда орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде, - дейді аудан әкімі Азизхан Исмаилов.
Округ тұрғындарымен болған кездесу барысында аудан әкімі округ тұрғындары тарапынан қойылған басқа да мәселелер төңірегіндегі сұрақтар мен өтініштерге заң аясында нақты жауап беріп, жол картасына енгізіп, алдағы жылдарға кезең-кезеңімен жоспарға қоятынын айтты.