Қазығұрт ауданының әкімі Тұрбат пен Қызылқия ауылдық округі тұрғындарымен кездесті

Oinet.kz 26-10-2024 25

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында ауыл әкімдерінің есеп беру жиындары жалғасуда. 

Screenshot_62.jpg

Жуырда Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Тұрбат және Қызылқия ауыл округтеріне қарасты Өндіріс пен Ынталы елді мекеніне арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. 

Бірінші Тұрбат ауылдық округі Өндіріс ауылында өткен кездесуде аудан әкімі алдымен 2024 жылы атқарылған істер мен алдағы жоспарлары жайлы қысқаша баяндап өтті. Атап айтқанда, Көкібел және Қызылдихан елді мекендеріндегі ішкі көшелерге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша биыл 520 миллион теңгеге бөлінген. Бұл жұмысты мойнына алған «ДЕЗФУМЭКС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 көшені орта жөндеуден өткізуде. Ондағы Ынтымақ, Бірлік, Ырыс, Хашымбек, Нұр, Береке, Ақбұлақ, Көктөбе көшелерін орта жөндеуден өткізу құрылыс жұмыстары екі жылға белгіленген. Нысан құрылысы 2025 жылға өтпелі. Ал, Тұрбат ауылындағы Л.Жолдыбаев көшесіне асфальт төсеу және ескі бағаналарды ауыстыру мәселесі бойынша биыл бюджеттен 25 милион теңге қаралған. Бүгінгі күні ол міндеттемені «EL-KZ01» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Серіктестік техникалары аталған көшеге орта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның құрылыс жұмысын алдағы айда толық аяқтап, тапсырмақ ниетте. 

Ал ескі бағаналарды ауыстыру бағытында «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан осы жылдың шілде айында анықтау жұмыстары жүргізіліп, Л.Жолдыбаев көшесінде 0,4 киловатты 5,2 шақырым электр желісі және 130 бағана тозығы жеткендігі анықталғанын, 2025 жылы мекеменің «Инвест» жобасына сәйкес ауыстыру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

- Президентіміз Жолдауында билік өкілдерне тапсырған тапсырманың бірі – жергілікті жердегі инфрақұрылым мәселесін шешуді жылдамдату. Бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәселен, Еңбек елді мекеніндегі таза ауыз су жүйесін реттеу мәселесін шешу бойынша биылғы жылы тамыз айында 55,1 миллион теңгеге бөлінген болатын. Мұндағы құрылыс жұмысын жүргізген «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны таза ауыз су жүйесінің ақауларын қалпына келтіріп, қазіргі таңда таза ауыз су тұрақты берілуде. Сондай-ақ Қызылдихан елді мекеніндегі таза ауыз су жүйесі де бүгінгі күні өз шешімін тауып отыр. Ауыл тұрғындары «Таза су» МКК мен келісім шартқа тұрып, бүгінгі таңда 292 абоненттің 254 абоненті таза ауыз суды тұтынуда, - дейді аудан басшысы. 

Аудан әкімінің келесі кездесуі Қызылқия ауыл округіне қарасты Ынталы ауылында өтті. Мұнда да аудан әкімі Азизхан Азимханұлы алдымен биылғы жылы атқарылған істер мен алдағы жоспары жайлы қысқаша баяндап, бұған дейін халықпен кездесу барысында көтерілген өзекті мәселелер бойынша жасалған бірқатар істерге тоқталды. Мәселен, Қазығұрт ауданы әкімдігінің 21.09.2022 жылғы «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» №276 санды қаулысына сәйкес, 2024 жылы 1 заңды тұлғаның 174 гектар, 3 шаруа қожалықтың 92,2 гектар  жайылым жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, алдағы жылы дәл осылай мақсатты пайдаланылмаған жерлер анықталар болса, оның баршасын аудандық қорға қайтарып, жұмыс жасайтын, елге пайдасын тигізетіндей мақсатты бағытта жалға берілетінін ескертті. 

Сондай-ақ, Атажұрт елді мекенінің ауыз су құбыры желісінің құрылысына жобалық сметалық құжаты әзірленіп, 2024 жылы наурыз айында сараптама қорытындысы алынғанын, жалпы құны 748,4 миллион теңгені құрағанын, 2025 жылы тиісті қаржыларды қарауға облыстық салалық басқармаға ұсынылғанын айтса, дәл осы елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасының мерзімі өтіп кетуіне байланысты қайта түзету жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, сараптама қорытындысын жыл соңына дейін алу жоспарда бар екенін айтып, 2025 жылы тиісті қаржыларды қарауға облыстық салалық басқармаға ұсынылатынын хабарлады. 

Аудан әкімі ауыл округ бойынша әртүрлі бағытта ауқымды істер атқарылып жатқанын айта келіп, халықтың өтініші бойынша Қызылқия ауыл округінде суармалы жерлерге мониторинг жүргізіліп, су келмеу негізі анықталып, «Ынтымақ-мөлтек» көшесінің трубасын ауыстыру жұмыстары 2024 жылы қыркүйек айында жүргізілгенін, Р-3, Р-4(4-2,4-3), Р-7Ш, Р-7А, Р-8, Р-9, Р-16, каналдарына ағымдағы жөндеуге аудандық «Қазығұрт су шаруашылығы» мекемесі тарапынан дефектілі актілер жасалынып, 2024 жылдың 21 қазан күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс берілетінін айтты. Тиісті қаржылар облыстық бюджет тарапынан қаралған жағдайда, 2025 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатынын жеткізді.

Кездесу барысында аймақ басшысы Азизхан Исмаилов тұрғындар тарапынан қойылған бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде айтылған ұсыныстарды жол картасына енгізіп қоятынын жеткізді. 

Қазығұрт ауданының әкімі Шарбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті
Қазығұртта мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық танытып жүрген азаматтар марапатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу