Ордабасы ауданында өткен жәрмеңкеде алушы көп болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалардың тиімділігі мен артықшылығына тоқталып, былтыр республика көлемінде басталған «Ауыл аманаты» жобасын жандандыруды тапсырды.
«Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет» деген Президент, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді Үкіметтің әрдайым қолдауына сүйене алатынын аңғартқан болатын. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасының игілігін Ордабасы ауданының шаруалары да сезініп отыр.
Қазір күзгі жиын-терім жұмыстары аяқталып, диқандар өз өнімін нарыққа шығарған. Осы ретте Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың тапсырмасымен кеше дәстүрлі ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Темірлан ауылының Орталық алаңында өткен жәрмеңке жұмысы таң сәріден қызды. Сөреге көкөніс, тауық еті, шұжық, сүт және жеміс-жидек, бақша өнімдері жалпы көлемі 30-дан астам жуық өнімдер саудаланды.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кеше аудан орталығындағы орталық алаңда жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған ауданның 10 ауылдық округтің диқандары жеткізген өнімдері шығарылды. Қазір күзгі жиын-терімнің аяқталған шағы. Биыл диқанның көңілі тоқ. Жер ана да берекесін беріп-ақ тұр. Жер емген диқанға апта сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі үлкен қолдау болып тұр. Бір атап өтерлігі бұған дейін белгіленген ауылдық округтерден бөлек, өз белсенділіктерін танытып, жәрмеңкеден қалыс қалмай өз бетінше қатысып жүрген шаруа қожалықтары да аз болған жоқ. Мұндай мүмкіндік биыл да бар шаруаға жасалуда. Диқандарға берілген осы мүмкіндікті шаруалар да ұтымды пайдаланып қалуға тырысып, өнімдерін өткеруде. Оның бағасы да қол жетімді. Мұндағы барлық тауар нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада өткерілді, - дейді аудан басшысы.
Жәрмеңкеге келген жұрттың да қарасы қалың. Барлық сөре азық-түлікке, көкөніс пен мал өнімдеріне сықа толып тұр. Алушы да сатушы да дән риза. Өйткені баға жүйелі. Жәрмеңкенің басты артықшылығы – бағаның төмендігі. Диқандар мен малшылардың биылғы еңбегі еленіп, қол жеткізген жетістігі жиналғандар алдында сараланды. Азық-түлік нарықтық құннан 15-20 пайыз төмен саудаланды. Мәселен тауық етінің килограмы 1300 теңгені құраса, алманың килограмы 200-250 теңгеден босатылды. Ал картоп 100-140 теңгеден, жуа болса 100 теңгеден өткерілді.
Тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз сатып, табыс тапты. Келушілер адал азығын қолжетімді бағаға ұсынған шаруаларға алғысын жаудырды. Аудан тұрғындары да жәрмеңкенің апта сайын өткізіліп тұрғаны құптайды. «Жәрмеңкенің қайта өткізіле бастағаны құптарлық іс. Жылда өзімізге керекті азық-түлікті осы жәрмеңкеге арнайы келіп, керегімді алып тұрамын. Ең алдымен мұндағы өнімнің барлығы табиғи. Бағасы да қол жетімді. Жеміс-жидектер де, картоп пен пиязды да қабымен алып, үйге қайтып барамын, - дейді ауыл тұрғыны Лаура Құрманбек.
Аудан басшылығы тарапынан ұйымдастырылған жәрмеңке алдағы уақытта да әр аптаның сенбі күні ұйымдастырылатыны айтылды.