Сауран ауданының әкімі құрылыс нысандарының жұмыс барысымен танысты
Президент Жолдауында көтерілген бағыттардың ауқымы кең. Көлік-логистикасы, инфрақұрылым, білім, денсаудық, бұқаралық спортты дамыту мен әлеуметтік салада жоспарланған құрылыс жобалары көп.
Әсіресе агроөнеркәсіп пен индустриалды аймақтарға инвестиция тарту да Жолдаудың негізгі бағытына айналған. Осы Жолдауда айтылған бағыттардың барлығы да Сайрам ауданында кеңінен қамтылған. Мұнда ауданның даму жоспарына енгізілген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың игілігін сайрамдықтар көруде.
Мәселен, аудан әкімі Арман Сәбитов Ақсукент ауылдық округі тұрғындарымен кездескен кезде ауыл азаматтары көше жарықшамдарын қою, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту және жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысын жандандыру жайлы өтініш айтқан болатын. Бұл елдің өтініштері Президент Жолдауында айтылған бағыттар аясында ауданның бас жоспарына енгізіліп, жүзеге асырылуда. Осы округте болған аудан әкімі басқа да ауыл тұрғындары көтерген мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, түйткілді мәселелердің шешімін табу жолдары қарастырылатынын айтты.
Бұдан бөлек, тұрғындар көтерген КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автомобиль жолының қалған бөлігін жөндеу үшін аудан әкімі бюджеттен тиісті қаражат қарастырылып жатқанын жеткізді.
Ал Қарасу ауылына қарасты Жаңақұрылыс аумағында мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысу барысында аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жайлы бірқатар сын-ескертпелер жасады. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының кешіктірілмеуіне көңіл бөлу керектігін жеткізді. Анықталған кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруді, бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстайтынын айтты.
Бұдан соң аудан басшысы Ақсукент-2 ауылындағы қайта жөндеуден өткен «Шәмші Қалдаяқов атындағы» мәдениет үйіне барды. Тұрғындарға рухани көңіл-күй сыйлауда мәдениет нысандарының атқаратын рөлі айрықша екеніне тоқталды. Сондықтан тиісті сала басшыларына мәдени іс-шараларды тиімді үйлестіруді жүктеді.
Айта кетейік, азаматтардың бос уақытын мәдени демалыспен өткізуге арналған нысанның қабырғасы 1978 жылы қаланған. Бүгінде халық шығармашылығы мен этномәдени дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды сақтайтын, насихаттайтын, оларды осы заманғы тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдейтін мәдениет ошағы 120 орынға лайықталған.