Сайрам ауданында өткен сенбілікте 16,6 тонна күл-қоқыс шығарылды
Президент Жолдауында айтылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде Сайрам ауданында да өз жалғасын тауып келеді.
Акцияның басты мақсаты – облыс тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Әрбір адам өзінің ауласын, көшесін таза ұстап, тазалыққа өзінің үлесін қосу керек. Жалпы акция барысында бүгінге дейін ауылдық округтердің қатысуымен ауданда жүзге тарта сенбілік өткізіліп, оған он мыңға жуық адам қатысып, 50-ге жуық техника жұмылдырылыпты.
Кеше Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы шеңберінде аудан әкімі Арман Сәбитовтің ұйытқы болуымен, аудан аумағында күзгі тал егу, сенбілік жұмыстары жалғасын тапты. Айналаны абаттандыру шарасына бюджеттік мекеме, білім беру ұйымдары, «Көрікті Сайрам» мекемесі қызметкерлері және аудан тұрғындары, жалпы 9440 адам белсене атсалысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 8 сәуірден бері жалғасып келеді. Акцияның бір ерекшелігі, әрбір аптаның өзіндік тақырыбы мен мақсаты бар. Мәселен, «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» және де басқа тақырыптар аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында көше бойлары, арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылып, тал-дарақтар отырғызылды. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштердің маңайын абаттандыру, жалғызбасты қарттар мен еңбек ардагерлерінің аулаларын тазалау және абаттандыру, өзен-көлдердің жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бір атап өтерлігі бұл іс-шараға Сайрам ауданындағы барлық мекемелер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысып, өз үлгілерін жастарға көрсетті, - дейді аудан басшысы.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шара барысында 125 шақырымды құрайтын көше бойлары мен 13 шақырымды алып жатқан жаяу жүргінші жолдары ретке келтіріліп, 2,2 шақырым болатын арық-атыздары мен ирригациялық жүйелері күл-қоқыстан тазартылған.
Бұдан бөлек, аудан аумағындағы 14 спорт және балалар алаңшалары мен 8 аялдама ретке келтіріліп, көшелердің көркін кіргізді. Жалпы 4500-ден аса ағаш көшеттер отырғызылып, көше бойының көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
«Сайрам ауданында бекітілген жоспар бойынша 2024 жылдың күз айларында 23300 түп ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген. Бүгінгі таңда аудан аумағында 2500 түп терек көшеті, 10 000 түп қарағаш көшеттері, 5000 түп лигуструм, 250 түп раушан гүлі, 250 түп бозарша, 1000 түп Сирия раушан гүлі, 1000 түп айлант, 3050 түп шаған, 250 түп арша көшеттері отырғызылды. Аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға 36 техника жұмылдырылды. Полигон аумақтарына 16,6 тонна қоқыс тасымалданып, шығарылды, - дейді аудан әкімі Арман Сәбитов.