Кентау қаласындағы №5 жылу энерго орталығының қазандықтары біртіндеп жаңғыртылуда

Oinet.kz 23-12-2024 27

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Соның ішінде Президент бақылауында тұрған өзекті мәселенің бірі жылу энергиясын тұтыну. 

Screenshot_1.jpg

Бүгінгі күні Түркістан облысындағы жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу жүргізілді. Жылу желілерінің тозуы 143,7 шақырымды, яғни 49 пайызды құрап отыр. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, биыл республикалық бюджеттен бөлінген 4,6 миллиард теңгеге Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистральды жылу желілері жөнделген. 

- Президентіміз Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелердің ең алдымен энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларында жүргізілуі керектігіне тоқталды. Жылу энергиясын тұтыну барысында көп қордаланған мәселе әлі де бар екені белгілі. Биыл облыс көлемінде жылу беретін кәсіпорындар жылу маусымына толық кірісіп кетті. Бүгінгі күні облыста 1 жылу энергия орталығы және 34 орталықтандырылған жылу қазандығы бар. Оның ішінде, Кентау қаласы – көмір, Созақ ауданы – мазут, қалған аудан, қалалар табиғи газ отынымен жылытылады. Сонымен қатар мемлекеттік жекешелік әріптестік тетігі арқылы 2024-2027 жылдары жаңа газотурбиналық орталық құрылысын жүргізу жоспарда бар. Ал Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы көп жылдан бері жөндеу көрмегендіктен орталықтың тозуы 85 пайызға жеткен. 6 қазандықты реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 13 миллиард теңгені құрайды, оның ішінде Үкіметтік резервтен 9 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бөлінген қаржының 8,3 миллиард теңгесі игерілді (РБ – 5,5 млрд теңге, ОБ – 2,8 млрд теңге). Сонымен қатар бюджет есебінен 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылды. Өткен жылы 3,8 миллиард теңге игеріліп, 4,7 шақырым құбыр ауыстырылды. Биыл 691,8 миллион теңге бөлініп, 400 миллион теңгесі игерілді, - дейді облыс әкімінің орынбасары. 

Кентау қаласында №5 жылу энерго орталығының №3 турбоагретагы 5,5 мегаватт электр қуатын өндіреді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті қадағалауымен «Кентау-Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының №5 Жылу энерго орталығындағы 6 қазандықты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 5 мегаватт электр қуатын өндіру жоспарлануда. Соның нәтижесінде жалпы 10 мегаватт электр қуаты өндірілетін болады. 

Жуырда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған баспасөз турында журналистер Кентау қаласындағы №5 Жылу энерго орталығының жұмысымен танысты. Ал ондағы жұмыс барысымен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов таныстырып, журналистерге жылу энерго орталығының қазіргі жәй-күйі туралы толық ақпарат берді. 

– №5 Жылу энерго орталығы 1956 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Тозу деңгейі 85 пайыздан асқан. Алдыңғы жылдары тұрғын үйлер мен нысандарды жылытуда қиындықтар туындады. Осы жылы Үкімет қолдау көрсетіп, қазандықтардың құрылысына қаражат бөлінді. Сол уақыттан бастап күрделі жөндеу жұмыстарына кірістік. Орталықтағы 6 қазандықты жаңадан ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Дәл қазір  жаңадан орнатылған 4 қазандық іске қосылған. 2 қазандық резервте тұр. Қаланы жылумен қамтамасыз етуге 4 қазандық жеткілікті. Қазіргі уақытта жылуды артығымен беріп жатырмыз. Сонымен қатар мұнда 10 мегават энергия өндіруді көздеп отырмыз. Бүгінде 5,5 мегаватт өндірілуде. Тұрғын үйлер мен нысандарды жытылуда ешқандай мәселе жоқ. Жағдай тұрақты бақылауда, – деді Зұлпыхар Жолдасов. 

Биыл Кентау жылу энерго орталығында жобаға сәйкес 6 қазандықты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 4 қазандықтағы жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 2 қазандықты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.  Одан бөлек, 2 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Сонымен қатар ТГ- 6 турбогенераторын ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, қорғау және қосу жүйелерін реттеу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқталмақ. Ал орталықта 150 адам еңбек етуде.

Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаладағы тұрғын үйлерді аралап, пәтерлерге жылу берілу деңгейін бақылай алды. 

Домалақ ана
Түлкібас ауданында бюджеттің кіріс бөлігі 102,7 пайызға орындалған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу