Түлкібас ауданында бюджеттің кіріс бөлігі 102,7 пайызға орындалған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында мемлекет қаржысының тиімді жұмысалып, мақсатты игерілуіне баса мән бергені белгілі.
Сонмен қатар қаржыны мемлекетке пайда әкелетін инвестициялық жобаларға салу жайын да назардан тыс қалдырмады. Президент Жолдаудың екінші бағытында «инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды» екенін ерекше атап өтті.
«Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс», - дейді Президент Жолдауында. Президент тапсырғандай бюджеттік қаржылардың жұмсалуын бақылау – атқарушы органдардың маңызды міндеті. Осы бағытта жұмысын үйлестіріп, қызметін жүргізіп отырған Түлкібас аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындауымен ерекшеленуде.
Кеше Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтіп, онда салалар бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, құрылыс саласындағы өзекті мәселелер мен елді мекендердегі санитарлық тазалық мәселесі күн тәртібінде қаралды. Аудан әкімінің айтуынша, осы жылдың 10 ай қорытындысымен бюджеттің кіріс бөлігі 102,7 пайызға орындалған.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ел экономикасының өсімін, бюджет қаражатының тиімді игерілуін, шағын және орта бизнеске, инвестиция тартуға бөлінгер қаржының мақсатты жұмысалғанын бақылау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы «Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет» екенін ескертті. Бүгінгі таңда ауданда кейбір салалар бойынша өсім байқалады. Дегенмен, өкінішке орай ішінара орындалмаған салық түрлері ауданымыздың көрсеткіштеріне кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында тартылған инвестиция көлемі үстіміздегі жылдың 10 айлық жоспарының бекітілген межесінен төмен орындалған, - дей келіп, аудан әкімі тиісті орынбасары мен бөлім басшыларын сынға алып, аталған бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға тікелей әсер ететін көрсеткіштерді реттеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Құжаттары заңдастырылмаған кәсіпкерлік нысандарды салық базасына тіркеу шаралары да алқалы жиында талқыланып, бүгінгі таңда анықталған 61 заңсыз құрылыс нысандарының құжаттарын реттеу бойынша жауаптыларға нақты тапсырма берілді. Ауыл аймақтың санитарлық тазалығы бойынша аппарат қызметкерлерінің мониторингі негізінде анықталған кемшіліктер баяндалып, бұл бойынша аудан әкімі біршама ауыл әкімдеріне қатаң ескерту жасап, әр аймаққа жауапты бөлім басшыларына күнделікті бақылауда ұстап отыруды тапсырды.