Кентау қаласында мемлекетке 1100 гектар жайылым қайтарылды
«Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі» екенін айтқан Президент Жолдауында заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуы қажет екенін ескертті.
Осы бағытта жүргізілген жұмыс барысында Кентауда жайылым жерлерге түгендеу жұмыстарын жүргізілді. Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкеновтың айтуынша, сол түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, жалпы алаңы 1100 гектар жайылым жер учаскесі анықталып толығымен мемлекет меншігіне қайтарылған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жайын тағы бір пысықтап өтті. Президентіміз Жолдауында жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керектігін де ескертті. «Оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн. Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деп тапсырды. Президент тапсырмасын облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы жоспарлы түрде ауыл шаруашылығы жерлеріне зерделеу жүргізіп, игерілмей жатқан егістік және жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда. Кезе менің төрағалығыммен өткен жиында осы егістік және жайылым жерлердің қайтарылу барысы сөз болды, - дейді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен, қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкеновтың төрағалығымен өткен жиында жер мәселесі жан-жақты қаралып талқыланған болатын. Жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Баубек жер түгендеу бойынша атқарылған жұмыстар барысына тоқталды. Оның айтуынша, Қарнақ ауылы бойынша суармалы егістік жерлерге түгендеу жұмыстары өткен жылы жүргізіліп, нәтижесінде 13 жер пайдаланушының жалпы алаңы 603 гектар суармалы жер учаскесі анықталып, жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, жер иелеріне хабарламалары таратылған.
- Игерілмей жатқан егістік және жайылым жерлер бойынша, тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, кәсіпкерлік мақсатында пайдаланбай жатқан 3 жер учаскесі анықталды, оның жалпы алаңы 6,2 гектар жер учаскесін құрайды. Сондай-ақ 2023-2024 жылдары аралығында пайдаланбай жатқан және Қазақстан Республикасы Заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан 24 жер учаскесі, жалпы алаңы 17,57 гектар жер телімі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Жалпы, Кентау қаласының шекарасы өзгертіліп, Сауран ауданынан 75 552 гектар жер телімі қосылып, Кентау қаласының шекарасы 128 319 гектарға ұлғайды, - дейді бөлім басшысы.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан егістік пен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару Президенттің тікелей бақылауында тұрған мәселе. Бұл бағытта Кентауда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. «Осы сәтке дейін жайылым жер мәселесі көтеріліп келген болатын, енді ауыл тұрғындарын ортақ жайылыммен қамтамасыз ету мақсатында, Хантағы ауылына ортақ жайылым үшін 5 мың гектар, Байылдыр ауылына ортақ жайылым үшін 5 мың гектар, Ащысай ауылына ортақ жайылым үшін 5 мың гектар, Қарнақ ауылына ортақ жайылымға 2022-2024 жылдар аралығында алаңы 10000 гектарға жуық жайылымдық жермен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды, алдағы уақытта да жалғасатын болады», - дейді Кентау қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов.