Кентау қаласында кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау көп
Мемлекет басшысы Жолдауында алдымызға қойып отырған мақсаттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі өндірісін дамыту.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіппен айналысамын деген азаматтарға жасалып жатқан мүмкіндік мол. Жылыжай ашып, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен немесе халық сұранысындағы медициналық бұйымдар мен жиһазбен айналысамын деген кәсіпкерге жол ашық. Бүгінгі күні өз кәсібін жолға қойған кәсіпкер Қкетау қаласына қарасты Қарнақ ауылында тұрады.
Жуырда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Кентау қаласы мен Сауран ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылған болатын. Сол баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Medical style» тігін цехының жұмысымен танысты.
«Medical style» тігін цехының жетекшісі, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Шавкат Хабибуллаевтың айтуынша, цех медициналық киімдердің 25 түрін тігіп шығарады екен. Қазіргі таңда тігін цехында жалпы 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Цехтың іске қосылғанына бір жарым жылдай болғанымен тапсырыс берушілердің саны артқан. Бүгінде еліміздегі 4 бірдей ірі қалаға өнімдерді жеткізіп отыр. Атап айтар болсақ, Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларында арнайы дүкендері бар.
-Кентау қаласында шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы көңіл бөлінген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктерді арттырып, кедергілерді азайтуды тапсырған болатын. «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», - дейді Президент Жолдауында.
Мемлекет басшысы тапсырғандай, бүгінгі күні Кентау қаласында шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылып келеді. Оны өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тартылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымының кеңдігінен байқау қиын емес. Кәсіпкерлерге мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау да көп, - дейді тігін цехының басшысы, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Шавкат Хабибуллаев.
Кәсіпкердің өзі медицина саласының маманы. Мамандығы – дәрігер-кардиолог. Бірнеше жыл дәрігерлік қызметті атқарған ол бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол өзінің туып-өскен ауылы Қарнақтан цех ашып, медицина саласына қажетті киімдер шығаруда. Мұнда арнайы киімдерді сапалы етіп тігу үшін мықты технолог пен арнайы білімі бар тігінші мамандар қызмет етуде.
Цех басшысы алдағы уақытта тапсырыстың көбеюіне байланысты тігін цехын ұлғайтуды жоспарлауда. Шавкат Хабибуллаевтың айтуынша, тігін цехы тапсырысқа қарай бір жылда 20-25 мыңға жуық киім тігеді. Сапалы, әрі ыңғайлы киімдерге қажет маталар Түркия елінен жеткізіледі екен.