Түркістан облысында МӘМС жүйесіне тіркелгендер санын 400 мыңға жеткізу жоспарлануда

Oinet.kz 20-12-2024 23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында денсаулық саласына елеулі көңіл бөлініп келеді. Президент соңғы Жолдауында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының жұмысын жандандыруды тапсырды. 

Screenshot_7.jpg

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, осы жылдың 10 айында 42 мың тұрғын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелген. Ал жаңа жыл басында оның санын 400 мыңға жеткізілмек. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Президентіміз Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы жұмысты жандандыруға баса назар аударып отыр. Осы бағытта облысымызда біраз жұмыс атқарылды. Кеше менің төрағалығымен өткен кезекті штаб отырысында да осы мәселе жан-жақты талқыланды. Алда тұрған міндеттер пысықталды. Жалпы облыстағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылған азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсету қажет. Осы бойынша арыз-шағымдар келіп жатады. Сонымен қатар пациентті қолдау қызметінің жұмысын күшейту қажет. Жалпы бұл мәселелер өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Аудан, қала әкімдіктері жергілікті жауапты басқармамен бірлесіп, тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізілуді тапсырған болатын. «Апта сайын – 3 пайыз, ай сайын – 12 пайыз» жобасын да қадағалануда, – дейді әкім орынбасары. 

Облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы мен жауапты басқарма басшылығы, медициналық ұйымдар мен аудан, қала әкімдіктерінің өкілдері қатысқан болатын. Жиын барысында  «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов өңір халқын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі атқарылған шаралармен таныстырды. «Бүгінгі күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы жұмысты күшейту «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының облыстық филиалы алдына қойылып отырған басты міндеттің бірі. Бүгінге дейін филиал тарапынан өңір тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келді. Ендігі кезекте, мемлекеттен субсидия алып, кәсібін жүргіземін деген әрбір адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеуіге міндеттелді», - деген ол, аудан, қала әкімдіктері деңгейінде құрылған мобильді топ күнделікті жұмыстарды ұйымдастырып, тұрғындардың мәртебесін анықтау шарасын ұйымдастырып жатқанын атап өтті.

Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі үшін төлемдерді өткен жылдарға төлем жасамаған 43 мыңнан аса адамға хабарлама жолданғанын айтты. Мемлекеттік кірістер департаментімен төлемдерді тұрақты төлемегендер борышкерлердің, шаруа қожалықтардың есеп шоттары бұғатталған. Әзірге 8 мыңнан аса азаматтың қарызы өндірілген. Оның ішінде, 5 мыңға жуық шаруа қожалық бар. Қарызды төлемеген борышкерлер саны – 34 710 болса, оның ішінде, шаруа қожалықтар саны – 28 750. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова отбасының цифрлық картасында Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Осы санаттағы азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеуді жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы жоспарланып отырғанын жеткізді.

- Бүгінгі күні Түркістан облысының халқын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жұмысы тұрақты жалғасып келеді. Өңірде жыл басынан облыстық штабтың 17 отырысы, ал аудан, қалаларда 11 көшпелі жиын өткізілген. 2 миллионнан аса тұрғын облыстағы емханаларға тіркелген. Оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылғандар саны өңір халқының 83 пайызын құрап отыр. Сәйкесінше сақтандырылмағандар саны – 350 мың жобасында. Бұл өткен аймен салыстырғанда 23 пайызға азайып отыр. Дегенмен алдымызда тұрған міндет, халықтың белсенділігін арттырып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылуды жалғастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізілетін болады, - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.

Кентау қаласында кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау көп
Сайрам ауданында жылыжай мен өндіріс жұмысы қатар дамып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу