Түлкібас ауданында жүзеге асырылған инвестициялық жобалар көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында алдымызға қойылып отырған мақсаттың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі өндірісін жолға қою.
Осы бағытта Түлкібас ауданында қолға алынған жұмыс аз емес.
Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың айтуынша, ауданында 2025 жылы жалпы инвестициялық құны 67,5 миллиард теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарлануда. Одан түсетін болжамды салық көлемі 97,7 миллион теңгені құрамақ. Сонымен қатар, 858 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоспарға енген жобалардың ішінде «Састөбе инновациялық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыты да бар. Онда каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк өндірілмек. Сонымен қатар, «Azia Food Company» ұн диірмені де алдағы жылы толықтай іске қосылады деп күтілуде.
- Президент Жолдауында тапсырылған міндеттер ауданда жоспарлы жүзеге асырылу үстінде. Жалпы ауданның диқан қауымы егін себу, көкөніс пен бақша салуды, мал бағуды жақсы біледі. Жүгері дақылын өсіруге де соңғы жылдары басымдық берілуде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып отыр. Дегенмен аудандағы шаруалардың негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Атап айтсақ, негізінен сүт, ет шаруашылығына маманданған, тамақ өнеркәсібі дамыған аудандардың бірі және кәсіпкерлік белсенділігі жоғары. Кәсіпкерлер есебінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобасына басымдық беруде. Осының аясында аудандағы индустриалды аймақта жем дайындау, кансервілеу тағы басқа зауыттар мен фабрикалар инвесторлар тарапынан салынуда, - дейді аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов.
Сондай-ақ Түлкібас ауданында туризмді дамытуға көңіл бөлініп келеді. Жалпы ауданды туристік аймаққа айналдыру бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынып, жоспарға енгізілген. Бүгінгі күні ауданда 36 туристік нысан жұмыс істеуде. Ал алдағы жылы құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарлануда. Көзделген мақсат толықтай іске асса, 235 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, Түлкібас ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі жыл басынан бері 46 миллиард 452 миллион теңгені құраған. 2025 жылы да аталған саланы дамыту мақсатында 8 жоба іске асырылмақ.
- Биыл ауданда инвестициялық құны 15,5 миллиард теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылып, соның арқасында 97 азамат жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ аудандағы инфрақұрылым саласы да ілгері жылжыған. Нақтырақ айтар болсақ, ауыз су саласы бойынша 59 елді мекеннің 58-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, аудандағы 21 135 тұрғын үй, яғни 99,8 пайызы табиғи газ жүйесіне қосылған. Осы жылдың 10 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 81 миллиард 519,2 миллион теңгені құрады. Ал, шағын және орта бизнес нысандарының саны 9 787-ге жетіп, 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 2025 жылы аталған саланы дамыту мақсатында жалпы құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын, 22 жоба іске асыру көзделген. Бұл жобалар толықтай іске асырылса 226 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан бюджетіне қосымша 138 миллион теңге салық түседі деп күтілуде, - деді аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов.