Сауран ауданында жеке кәсіпкер жұмсақ жиһаз жасау өндірісін ашып, өнімін көрші елдерге экспорттауда
Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, жуырда Оранғай ауылдық округінде «СОФТ ХАУС» цехы ашылды.
Жұмсақ жиһаз өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорынды жеке кәсіпкер Шавкатжан Искаков өз қаражаты есебінен ашып, бастаған. Бүгінде өндіріс орнын кеңейтіп, ашылып отырған цехтың аумағы бір гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны – 500 миллион теңге. Заманауи технологиялармен жабдықталған цехтың жылдық қуаты 2 мың жұмсақ жиһаз жасауға қауқарлы.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктерді арттырып, кедергілерді азайтуды тапсырды. «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», - дейді Мемлекет басшысы Жолдауында. Президентіміз тапсырғандай, бүгінгі күні Сауран ауданында шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылып келеді. Оны өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тартылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымының кеңдігінен байқау қиын емес. Соның бірі дәлелі – жуырда ашылып отырған Оранғай ауылдық округіндегі «СОФТ ХАУС» жұмсақ жихаз жасау цехы, - дейді аудан әкімі.
Бүгінгі күні кәсіпкер 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақысы 150-200 мың теңге көлемінде. «СОФТ ХАУС» жиһазының өнімдері бүгінде сұранысқа ие. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық аймақтарымен қатар, көршілес Қырғыз еліне өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Қытай, Ресей, Түркия елдерінен алдыртады. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
– Жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау тауып келеді. Отандық нарықта бәсекеге қабілеттілік өсуде. Жылдан жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдер сұранысқа ие болып, өз кәсібіміздің кеңейуіне жол ашылуда, – дейді өндіріс орнының басшысы Шавкатжан Мамиржанұлы.
Сондай-ақ Саурандық жиһаз жасаушы кәсіпкерлер 17-22 қараша аралығында Мәскеуде өтіп жатқан халықаралық көрмеге қатысып, өз өнімдерін таныстырды. Бұл көрме жиһаз индустриясының соңғы жетістіктерін көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Сауран ауданынан «Tak mebel» және «Ideal Türkistan» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Asia Brand» және «Хабибулла ата» жеке кәсіпкерліктер заманауи дизайндар мен инновациялық технологияларды пайдалана отырып, түрлі стильдегі жиһаздарды таныстырды. Мәскеудегі көрме әлемдік нарықта танымал болғысы келетін кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер ашты.
Саурандық кәсіпкерлердің өнімдері ерекше эстетикасымен, сапасымен және қолжетімді бағасымен ерекшеленіп, көрмеге келген қонақтар мен әлеуетті сатып алушылардың назарын аударды. Бұл көрме саураңдық жиһаз өндірісінің халықаралық нарықта танылуына мүмкіндік беріп, кәсіпкерлер үшін жаңа серіктестіктер мен келісімдерге келді.
Отандық жиһаз өндірісі Мәскеу нарығын бағындырып, енді жаңа жетістіктерге қадам басады. Мәскеудегі көрмеде таныстырылған өнімдер жоғары сапасы мен ерекше дизайнымен көзге түсті. Бұл Сауранның жиһаз өндірісінің халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие екенін көрсетті. Кәсіпкерлер жаңа тұтынушыларды тартуда. Мәскеу нарығы — жаңа мүмкіндіктер мен нарыққа кірудің басты кезеңі, ал алдағы уақытта Саурандық жиһаз өндірісі тек Ресейде ғана емес, әлемдік нарықта да өз орнын табуға бағыт алуда.